Әділет министрлігі Қазақстанда заңды қазақ тілінде жазуды көздейтін заң жобасын пысықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әділет министрі Азамат Есқараев нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, оларды қазақ тілінде әзірлеу міндетін кезең-кезеңімен бекіту керегін айтты.
Министр тіл мәселесіне байланысты екі бағытқа тоқталып өтті.
"Бірінші бағыт – терминология мәселесін шешу. Заңнамалық актілердің мәтініне қойылатын талаптардың бірі – бұл терминдердің бірізділігі. Республикалық терминологиялық комиссия бекіткен терминдер ұсынымдық сипатқа ие. Сондықтан, іс жүзінде, Комиссия мақұлдағаннан кейін де, заңгерлер мен филологтар арасында бір терминді әртүрлі етіп аудару төңірегінде пікірталастар жиі туындайды. Сондықтан да қазақша терминологиялық сөздіктерге ресми мәртебе беру және оларды нормашығару процесінде қолданудың міндеттілігін енгізу қажеттігіне тоқталды", - деді ведомство басшысы.
Сөз соңында Әділет министрі қазақ тілінде заң жазуға, нормативтік құжаттарды түзеуге "икемсіз" деген түсініктен арылып, мемлекеттік тілдің мол мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажеттігін айтты. Алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстарда айқын нәтижелерге қол жеткізетініне сенімін білдірді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз