Қазақ тілі барлық түркі еліне ортақ тіл болатыны рас па?

Қазақ тілі барлық түркі еліне ортақ тіл болатыны рас па?
Фото: Stopfake.kz

WhatsApp-та Әзербайжан президенті Гейдар Әлиевтің қазақ тілін барлық түркі елі үшін ортақ етуді ұсынғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл - ескі фейк, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, Қазнетте дәл осындай хабарлама 2021 жылы тараған болатын. Ол бірден күдікті болып көрінеді. Гейдар Әлиев 19 жыл бұрын, 2003 жылы қайтыс болған. Хабарламаға тіркелген суретте оның ұлы әрі Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бейнеленген. Хабарламада жазылған дәйексөздің бұл екеуіне де қатысы жоқ.

Барлық түркі жұрты үшін бірыңғай тіл туралы 2011 жылғы қарашада Түркияның Әзербайжандағы елшісі Хулуси Кылыдж түркі әлемінің мәдени интеграциясы бойынша Бакуде өткен конференцияда мәлімдеген болатын. Алайда ол ортақ тіл ретінде қазақ тілін емес, түрік тілін таңдауды ұсынған.

1991 жылы бекітілген жалпы түркі әліпбиі бар. Ол латын графикасы негізінде жасалған. Оған сүйенген мамандар латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің әліпбиін әзірлеп жатыр. Дегенмен бірыңғай әліпби түркі елдерінің бәрінде бірдей қолданылмайды. Әзербайжан, түрікмен және өзбек әліпбилерінде жалпы алфавитте жоқ спецификалық әріптер бар. Қазақ әліпбиінің латын нұсқасында жалпы әліпбиде ұсынылмаған үш әріп бар.

Демек, Гейдар Әлиев немесе оның ұлы Ильхам Әлиев бір кездері қазақ тілін барлық түркі халқынына ортақ етіп алуды ұсынған деп санауға негіз жоқ. Бұл - бірнеше жылдан бері мессенджерлерге таралып жүрген ескі фейк.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова