Қазақ тілі әліпбиінің соңғы нұсқасы қашан мақұлданады?

Қазақ тілі әліпбиінің соңғы нұсқасы қашан мақұлданады?
Фото: tengrinews.kz

Наурыз айында латын әріпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы мақұлданады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес латын қарпіне негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқаларын ғылыми тұрғыдан қайта сараптау жұмыстары жүргізілуде.

Cоңғы нұсқа қандай?

Қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасы (соңғы нұсқасы) ел өңірлерінде кеңінен талқылана бастады. Ал Алматы қаласында әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау бойынша ашық талқылау отырысы 10 наурыз күні өтеді. Талқылау барысында төмендегідей ұсыныстар қаралады:

1. С – әріпін әліпбиге енгізу керек пе?

2. Енгізілсе, С әрпімен Ч дыбысын белгілеуді құптайсыз ба?

3. Немесе С әріпімен Ц-ны белгілеп, Ç -мен Ч дыбысын белгілеген дұрыс па?

4. Ұсынылған әліпбидегі Iɪ - i мен İi -мен и таңбалары ұқсас болғандықтан, шатастырмас үшін Ии-дыбысын Jj-мен, Жж дыбысын жоғарыдағыдай белгілеуді құптайсыз ба?

5. Iɪ - i мен İi -мен и дыбысын орындарын ауыстыру  немесе сол қалпы қалдырудың қайсысын құптар едіңіз?

6. Ң – әріпін латында жоқ  Ŋ-таңбасымен берген дұрыс па, әлде  N әріпінің үстіне тильда немесе бревис қою арқылы таңбалауды құптайсыз ба?

7. Ww, Xх, С таңбалары тек пернетақтада орналасу керек дегенді құптайсыз ба?

Талқылаудың мақсаты жоғарыдағы ұсыныстар бойынша ортақ пікірге келу.

- Латын негізді әліпбиге көшуде, қазақтың ұлттық әліпбиін қалыптастыруда, әр қаріптің, әр дыбыстың сақталуы ерекше маңызды. 70-тен астам ғалым жұмылдырылған 4 жұмыс тобы ұлттық әліпбиді қалыптастыру, алдыңғы жобаларды жетілдіру мақсатында үлкен жұмыс жасады. Әр әріпті қалай белгілеу керектігі туралы сараптаулар жасалды, кеңестер өткізілді. Ғалымдардың пікірі тоғысқан бір мәселе, бұрынғы кириллицада қанша әріп болса, сонша дыбыс мұнда да болуы керек деген қағида жарамайды. Тілімізде еш қажеттілігі жоқ кірме дыбыстар да болғаны мәлім. Латынға көшудің бір мәні де сол – кезінде еліміз басынан кешкен бодандық заманда еркімізден тыс енген дыбыстардан құтылу, тіл тазалығына қол жеткізу. Бұрын 42 қаріп болса, енді 31 немесе 32 қаріп болуы мүмкін. Алайда бұл қаріптер қазақтың әр дыбысының өз үнін, әуезін, айту, оқу, жазу ерекшелігін толық бере алады - деп жазды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба facebook әлеуметтік желісінде. 

Әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау бойынша ашық талқылау отырыстарының мән маңызы жоғары. Әсіресе Алматыдағы басқосуда тіл мамандарының айтары көп болмақ. Ашық талқылау жайында тағы жазатын боламыз. 

Н. Үсенова