Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы қайтыс болды

Қазақ телевизиясының алғашқы дикторларының бірі Зүлқия Жұматова 106 жасқа қараған шағында дүниеден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Зүлқия Мұқанқызы Жұматова – қазақ телевизиясының қалыптасуына атсалысқан ардагер мамандардың бірі. Ол отандық телевизияның дамуына, қазақ тіліндегі хабар тарату ісінің өркендеуіне елеулі үлес қосты.

Зүлқия Жұматова 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 15 жасында анасынан айырылып, жастайынан өмірдің талай қиындығын бастан өткерген.

1958 жылы Алматы телестудиясы ашылған кезде дикторлыққа жарияланған байқауға қатысып, іріктеуден сүрінбей өтті. Осылайша қазақ тілінде тікелей эфир жүргізген алғашқы дикторлардың бірі атанды. Ол телевизия енді ғана қанат жайған кезеңде көрерменге көгілдір экран арқылы хабар таратып, жаңа саланың қалыптасуына еңбек сіңірді.

Зүлқия Жұматова телевизиядағы қызметімен қатар әдеби шығармашылықпен де айналысты. Балаларға арнап өлеңдер мен ертегілер жазып, жас ұрпақтың ана тілі мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігін оятуға күш салды.

Қазақ телевизиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Зүлқия Жұматованың өмірден өтуі – отандық журналистика мен телевизия саласы үшін орны толмас қаза.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!