Кітап – адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, рухани мәйегі. Ақпараттар тасқынының арыны қатты, сапалысы да сапасы да араласып кеткен аласапыран заманда жақсы кітаптың құндылығы қашан да арта бермек.
Кейінгі жылдары жастардың жаппай кітап оқуды трендке айналдыруы, кітаптардың көптеп шыға бастауы көңіл қуантарлық жағдай, десек те, кітап дүкендеріне кіре қалсаң, қазақша кітаптардың қатарында әртүрлі авторлардың, соның ішінде медиа тұлғалардың, айтыскер, коучтардың кітабы қаптап тұратыны қынжылтады. Бірі өз өмірін жазса, бірі халықты түзеу, ақыл айту мақсатында кітап шығарып жүр. Тіпті, бүгін шығып жатқан кітаптардың қатарында асабаларға, халыққа шешен сөйлеуді үйрететін, одан қалды психологиялық жанрдағы кітаптар көп-ақ. Дегенмен, бұл тенденцияның бір плюсы бұл нәрсе оқырман талғамын қалыптастыруға әсер етері анық. Жақында AmalBooks баспасынан су жаңа екі кітап жарық көрген болатын. Осыған орай AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай медиа саласының өкілдерімен жүздесіп, су жаңа екі кітап туралы әңгімеледі.
— «Қазақ халқының тарихы» деп аталады. Бұл кітап «Қазақ халқының тарихы» қазақтардың шығу тарихы жан-жақты әрі көркем түрде әңгімелейді. Қазақ халқы деген ұғымды құрайтын түп-тамыр мен тармақтарды, қазақтың ру-тайпаларын тереңінен сипаттайды. өзегі — әйгілі 1925 жылы жариялаған «Материалы к истории киргиз-казахского народа» еңбегі. Қаншама уақыт өтсе де, бұл құнды дүниенің қазақшаланбағанын байқаған соң қазақшасы да жарық көру керек деген шешімге келдім. Жоба Choco холдингінің жетекшісі Рамиль Мухоряпов мырзаның қолдауымен жүзеге асты.
Қазақ тарихына негізделген кітаптар 2021 жылы негізі қаланған «Таза тарих» сериясы аясында ұсынылып отыр. Ең бір ерекшелігі де сол, осыдан тура 100 жыл бұрынғы Мұхаметжан Тынышбайұлының қазақ халқының шығу тегі мен мемлекеттілігінің қалыптасуына арналған еңбегі ана тілімізге тұңғыш рет аударылып, оқырманмен қайта қауышты. Кездесу барысында Бақытжан Бұқарбай екі әдеби жобаның төл тарихымызда алар маңызы мен жарыққа шығу тарихы турасында баяндап берді.
– «Қазақ халқының тарихы» және «Семь лет в Казахии» – «Таза тарих» сериясымен жарық көрген үшінші және он төртінші кітаптар. Оның бірі – ХХ ғасырдың 50-жылдарында қазақ даласында жеті жылдай өмір сүрген ағылшын саяхатшыларының туындысы. Бұл кітапта ерлі-зайыпты Аткинсондар Қазақстанның Шығыс өңірінде болған. Лепсіге келіп, Алатау бөктеріне дейін түскен. Олар Қазақстанға жасаған саяхаты кезінде көрген-білген деректерін естелік ретінде жазып қалдырыпты. Әрине, Қазақстанмен ғана шектелмеген, сонымен бірге, олар Сібірді аралаған. Біз авторлардың еңбегінен қазақ халқына қатысты тарауларды іріктеп алып, нәтижесінде жинақ ретінде басып шығардық. Бұл кітаптың ерекшелігі – ағылшын саяхатшылары сол замандағы қазақ даласында мекендеген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін өз көзқарасымен баяндайды. Сондай-ақ кітапта қазақ халқының тарихы, этнографиясы, географиясы, мәдениеті жайлы құнды көзқарастар жинақталған. Екінші кітап – қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, тарихшы-ғалым, тұңғыш теміржол инженері Мұхаметжан Тынышбайұлының 1925 жылы орыс тілінде жарияланған зерттеу кітабы. Біз былтыр арада жүз жыл өтсе де бұл кітаптың әлі күнге дейін қазақ тіліне аударылмағанын білдік. Расында, бұл біз үшін жаңалық болды, – деді баспагер өз сөзінде.
Кездесу барысында Б. Бұқарбай «Семь лет в Казахии» кітабын алдағы уақытта қазақ тіліне аудару мәселесі жоспарда бар екенін айтты. Сиясы кеуіп үлгермеген су жаңа қос шығарма 1500 данамен сатылымға шығыпты.
О. Сансызбай