Қазақ пен қытай арасында шежірелік байланыс бары рас па?

Қазақтың тегі туралы сөз қозғалғанда, тарихтан хабары барлар арасында "арғы аталарымыз сақтар мен ғұндар" немесе "Қазақ хандығы ХV ғасыр ортасында қалыптасқан, содан бері мемлекет ретінде бекігенбіз" деген секілді әңгімелер өрбиді. Қазақ қашаннан қазақ? Қазақтың арғы тегі кім Massaget.kz тілшісі тарихи еңбектерге шолу жасап, тарихшы Ханкелді Әбжановпен сұхбаттасып, қазақ тарихына қатысты деректер жинады.

"Үш қайнаса сорпасы қосылмайды"

Жақында Желіде әйел адамның "қазақ қытайдан тараған" деген мәлімдемесі пайда болды. Қоғамда бұл пікір наразылық тудырды. Шынында да, қазақ пен қытай арасында қандай да бір байланыс болған ба? Тарихшы Ханкелді Әбжановтың пікірінше, бұл - сандырақ.

"Қазақтардың арғы жағы - түркі, бергі жағы - қазақ, біздің тегіміздің тамыры терең, тарихымыз да бай. Біздің даладан өткен халық көп. Бұл жерден қытай да өткен, еуропалықтар да өткен, христиандар да өткен. Біз солардың тілін де, мәдениетін де алып қалғанбыз. Ал Қытаймен біздің этногенезіміздің үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Көрші екеніміз рас, бірақ этногенезімізге шешуші ықпал еткен жоқ. Кейін аралас-құралас болып, қытайдың бізге, біздің оларға ұқсаған жерлеріміз бар", - дейді тарихшы.

А.Л. Мелков. Отбасылық сурет

Қазақ пен қытай бір атадан тараған ба?

Ал Зайыр Сәдібеков "Қазақ шежіресі" атты еңбегінде қазақ тарихын адам атадан бастап қарайды. Осы еңбекке сүйенсек, күллі халықтың тарихын топан су апатымен байланыстырады. Осылайша, Адам ата мен Хауа ананың тоғызыншы ұрпағы саналатын Нұх пайғамбар мен оның жарынан барлық халық тараған делінеді.

Нұх пайғамбар мен оның зайыбынан Хам, Сам, Яфас атты үш ұл дүниеге келген. Топан су апаты кезінде осы үш ұл Нұх пайғамбардың кемесіне отырып аман қалған делінеді. Ал кейін олардан ұрпақ тарап, өсіп-өнген екен. Кейін осы үш ұлдан тараған ұрпақ тағы үшке бөлінген. Хам ұрпағынан Африка, Америка, мұхит жағалауларындағы қара нәсілділер, Самнан арабтар мен еврейлер, ал Яфастан Тұран мен Иран атты екі бала туған. Соның ішінде Тұраннан қазіргі қытай, жапон, корей, түрік, татар, моңғол, фин-угор секілді халықтар тараған екен. 

А.Л. Мелков. Қария

Зайыр Сәдібековтің пікірінше, Нұх пайғамбардың ұрпақтары алғашында бір тілде сөйлеген. Автордың айтуынша, кейін олардың тұрмыс-тіршілігі, тілі өзгеріп, тайпаларға бөліне бастаған. Тіпті ертеде қытай мен түріктің тілі ұқсас болған делінеді. Уақыт өте олар жауласып, аралары ажырай бастаған екен. 

Үш жүз туралы аңыз

Қазақ тарихы туралы жиі айтылатын аңыздың бірі - үш жүз туралы аңыз. Алайда бұл аңыз бойынша Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс есімді үшеуден үш жүз тараған деген дерек бар. Ал Зайыр Сәдібековтың  еңбегіне сүйенсек, бірінші шежіре бойынша, Нұх пайғамбардың отыз алтыншы буынынан Өзбекхан тараған. Ал одан Байшора, Жаншора, Қарашоры есімді үш ұл туып, бұл үшеуі үш жүздің негізін қалаған.

А.Л. Мелков. Отбасылық сурет

Екінші шежіре бойынша, Нұх пайғамбардан Тұран туған, одан Түрік тараған, ал одан Сақ, Сақтан Оғызхан, Оғызханнан Сейілхан мен Жайылхан, Жайылханнан Өзбекхан, осыдан барып Қазақ тараған. Ал Қазақтан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс туған. Осылайша, Ақарыстан қазіргі Ұлы жүз, Жанарыстан Орта жүз, Бекарыстан Кіші жүз қалыптасқан екен. 

Қазақ неге "қырғыз" аталып келген?

Түрлі тарихи еңбектерге шолу жасасақ, көп уақытқа дейін қазақ атауының орнына "қырғыз" атауы қолданылғанын байқауға болады. Мұсатай Ақынжановтың "Қазақтың тегі туралы" атты еңбегіне сүйенсек, патша үкіметі тұсында қазаққа таңылған бір атау осы "қырғыз" болған. Ол кезде нағыз қырғыздар "қара қырғыз" деп аталған екен. Автордың айтуынша, бұл қате ХVІІ ғасырда кеткен.

А.Л. Мелков. Найман жігіт

Жоңғарияға барған орыс әскерилеріне қалмақтар Сібірден Түркістанға дейінгі аралық қырғыздарға тиесілі екенін айтқан. Осы тұста қалмақтардың айтқысы келгені - Сібір мен Алатау аралығын мекендейтін қырғыздар. Алайда географиялық аумақ қате айтылған соң қазақтар да "қырғыздар" деп аталып кеткен. Ал тарихта "қазақ" пен "қытайды" алғаш ажыратып көрсеткен орыс ғалымы А.Левшин болған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!