Қазақ, орыс, беларуське дейін бар. Қызылордада жеті баланы бауырына басқан отбасы тұрады

Қызылордада өзінің төрт баласына қоса жеті жетім баланы асырап алған отбасы тұрады. Олардың кенжесінен басқасы үлкен өмірге қадам басты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерлі-зайыптылар Әбдуләшім Серібаев пен Әшім Ешмұратова бүгінде зейнет демалысында. Бұл әулетті интернационал отбасы деуге болады. Қазақ, орыс, беларуське дейін бар.

Әшім апа бұрынғы Н.Гоголь атындағы бұрынғы Қызылорда педагогикалық институтын тәмамдап, туған жері Қармақшы ауданындағы мектепте біраз жыл еңбек етті. 2007 жылы отбасымен бірге облыс орталығына қоныс аударды. Жолдасына экономист-бухгалтер мамандығы бойынша жұмыс бірден табылды. Алайда жеткілікті тәжірибесі, еңбек өтілі бола тұра өзі біршама уақыт бос жүріп қалды. "Ақыры қолымнан келетін іс екен. Неге патронаттық тәрбиеге бала алмасқа?!" деп ойланды. Жақындары бұл қадамына қарсы болған жоқ.

"Ол кезде елу жаста едім. Төрт балам есейіп кеткен. Күйеуім де, балалар да отбасымыздың тағы толыға түскенін құптады", - деді кең жүректі кейіпкеріміз.

Сөйтіп, 2009 жылы алты балаға патронат ана болды. Олардың алды - 14-те, кішкентайы 7-де еді. Жетінші етіп Нинаны 2016 жылы 6 жасында бауырына басты.

"Қазір олар - үлкен азамат. Арай мен Гүлмира балалы-шағалы, Олеся құрбыларымен бірге тұрып жатыр. Ағайынды Арман мен Руслан Астанада құрылыста. Бекманат әскери борышын өтеп жүр. Нина ғана қолымызда, 8-сыныпта оқиды. Олар өздерін жетім емес, біздің шаңырақтан тараған тұлға деп есептейді", - деді Әшім апа.

Оның айтуынша, Арай мен Нинадан басқасының ата-ана, туысы бар екен. Олеся анасын іздеп таба алмапты. Бекманаттың анасы Таразда тұрады екен. Өз отбасы болғандықтан мұны қабылдамапты.

"Арман мен Русланның шешесі Қарағандыдан табылды, бұрын сотталған болып шықты. Осында іздеп келді. Бірақ Арман оны көргісі келген жоқ", - деді кейіпкеріміз.

Әшім Ешмұратова 2012-2019 жылдар аралығында аралығында Қызылордадағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында еңбек етті. Тәрбиеші болды, директордың балалар құқын қорғау жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Екі баланы сол жерден алып тәрбиелеген.

"Алғашында қиындық болғаны рас. Әйтсе де, барлығын кәмелет жасына аман-есен жеткізіп, жетелеп келеміз", - деді ол.

Назерке Саниязова

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!