- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ неге жасау...
Қазақ неге жасау ретінде қазан мен пышақ бермейді? Этнограф жауабы
Этнограф Болат Бопайұлы Baribar.kz тілшісіне берген сұхбатында қыз жасауы ретінде неге қазан мен пышақ беруге болмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Этнограф ғалымның сұхбатында қыз жасауының мәнін ашып берді. Қыз жасауы - бойжеткеннің жаңа отбасында қолданатын заттары. Ұзатылған қызбен оның жасауы да еріп барады. Оның ішіне киім-кешек, төсек-орын кіреді.
Ұзатылған қыз жаңа өмір бастап жатқаннан кейін қыз жасауындағы заттың бәрі жаңа болуы керек. Бірақ қазақ жасау ретінде қазан мен пышақ бермейді. Себебі пышақ - құдалар қырықпышақ болады, ал қазанмен бірге бақ кетеді деген ұғым бар. Қырықпышақ тұрақты тіркесінің мағынасы - араздасу.
"Қыз күйеуінің шаңырағына келіп, сол жерде бірден неке қиылып, беташар рәсімі болады. Беташарда қыз қайын жұртына сәлем салып, үлкен кісілерден бата алады", - дейді ол.
Болат Бопайұлы сәлем салу қазақ келіндерінің үлкендерге сый-құрметтің, әдептің, мәдениеттің, тәрбиенің белгісін білдіретін дәстүр екенін айтады. Сәлем таңертең тұрғанда, дастарқанға ас қойылған кезде үлкендерге салынады. Келіншек жігіттің отбасына өзінен кейін жаңа келін түскенше сәлем салуы керек.
Этнографтың сөзіне қарағанда, жаңа түскен келін таңертең шаңырақтың түндігін ашады. Бұл - даланың жарығы үйге түседі, ал келіннің жүрегіндегі нұр үйге кіреді деген ұғымның белгісі.
Оның айтуынша, одан соң келін от жағып, ата-енесіне, күйеуіне шай құяды. Отбасында келіннің бар екенінің белгісі ретінде отынды келіннен басқа ешкім бірінші болып жақпайтын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Ибраева