Қазақ неге баланың тұсауын кескен?

Сәби дүниеге келісімен оның шілдехана тойын жасап, ат қойып, қырқынан шығарып, бесікке бөлеу рәсімдерін жасайтын халқымыз үшін баланың рөлі ерекше. Мысалы, буыны қатып, еңбектеуден өткен, қаз тұрып, тәй-тәй басқан баланың тұсауы кесіледі. Бұл дәстүрдің мән-мағынасы қандай, оны кім кеседі және қандай тыйымдар бар? Massaget.kz тілшісі тұсаукесер дәстүрі туралы баяндайды.  

Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатранұлы тұсаукесер рәсімінің әлеуметтік мәртебе беретін ғұрып екенін айтады. Бұл - ат қою тәрізді баланың дүниеге келуін, алғаш қадам басуын атап өтетін маңызы бар мереке. Тұсауды "бай, тоқ болсын" деп малдың тоқ ішегінен өрген немесе "көбейіп, көгере берсін" деп көк шөптен де есіп жасаған.

Сондай-ақ, "біреудің ала жібін аттамасын, өзгенің дүниесіне көз тікпесін, қол сұқпасын" деген тілекпен ақ пен қара жіпті айқастырып, ала жіп дайындайды.

Ала жіптің маңызы неде? 

Этнографтың айтуынша, бұл жерде ала жіптің мәні зор. 

"Ала жіп, арқан, бау тәрізді дүниелер - қазақ өміріндегі үлкен мәні бар заттар. Мәселен, 12 атаға толып өзара қыз алысуға болатын рулар екі жылқының құйрығына арқан байлап, оларды жан-жаққа қаратып, ұстап тартып тұрып, арқанды түйіп "енді қыз алысуға болады" деген рәсімді жасайтын салт болған. Бұл екі жас бөлек елге, екеуі екі руға айналды деген сөзді білдіреді", - дейді ол.


© mfa.kz

Сондай-ақ, көп жағдайда арқанды байлау, шешу өз ретімен атқарылуы керек екен. Оны ешқашан жай уақытта қиюға, кесуге болмайды. Досымбек Қатранұлының айтуынша, бұл байлау, буу тұрғысынан қарағанда да үлкен философиялық мәнге ие.

"Мәселен, мойынға жіп, бау, белдікті салуға болмайды. Бұл Аллаға қатты жалбарынғанда, дұға еткенде атқарылатын салт болып есептеледі. Аяқты да бууға тыйым салынады. Бір рет тұсауын байлап, ашқан соң, енді о дүниелік болғанда ғана қайта жасалады. Яғни, адамды үш жерінен буып көрге салады. Осы тұрғыдан арқан бау, жіп дегендердің тылсым күшке ие, мәні бар екені айқындалмай ма?", - дейді этнограф.

Тұсауды кім кеседі? 

Ала жіп - баланы алда ақ пен қарасы қатар жүретін өмір күтіп тұрғанын және одан сүрінбей өту керегін білдіреді. 

"Сондықтан тұсауды жолы болған, ұрпақ өсірген, көп жасаған үлкен кісіге, солардың жолын берсін деп кестірген. Ақыл есі кем, өсіп-өнбеген, ақсақ-тоқсақ, мүгедек адамдарға тұсауды ашқызбайды", - дейді ол. 

Тұсауды неге қайшымен кеспеген? 

Этнографтың айтуынша, тұсауды пышақтың жүзін жоғары қаратып кесу керек. Ол кейінгі кездері "Тұсауы кесілсе болды емес пе, қайшыда тұрған не бар?" деп, тыйымдарға құлақ аса бермейтіндерге пышақпен кесудің маңызын түсіндірді. 

"Бұл баланы төмен, жерге қарай басу емес, көкке қарай өсіп-өніп, көбеюіне тілектес болу дегенді меңзейді. Оның бәрі ереже, тыйым. Ырымнан келіп туындайтын тыйым. Пышақ - ала жіпті кесіп, баланың жолын ашып тұр. Оны көп жағдайда әйел толғатып жатқан кезде жүзін жоғары қаратып есік алдына қояды екен. Баланың, әйелдің жанын алуға келетін зиянкес, қаскөй күш жоғары қараған пышақтың жүзін көргенде үйге кіре алмай, қорқады-мыс дейді. Сол тұрғыдан пышақтың қызметі бөлек ашылады. Одан да басқа мысалдар көп", - дейді Досымбек Қатранұлы.


Фото: osken-onir.kz

Ырым бойынша, тұсау кесілген соң шашу шашылады. Ал ол арқанды бала көтере алмай жүрген келіншекке я болмаса нәрестелі болған отбасыға "сіздерде де көп ұзамай той болсын" деп ырымдап, қолына ұстатады. Ал тұсау кескен әйелге немесе ер адамға сыйлық береді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда баланың жолына төселген ақ матаның екінші басына кітап, ақша, домбыра секілді заттарды қою үрдіске айналған. Баланың таңдауы неге түссе, болашағы сол затпен байланысты болады деп болжаған. Мәселен, домбыраны ұстаса, болашақта өнер адамы немесе ақшаны алса, бай-бақуатты адам болады, ал кітапты алса, ғылым-білім жолын қуған азамат болып өседі деп жорамалдайды. Алайда маманның айтуынша, бұрындары дәстүрде мұндай болмаған, бұл кейіннен пайда болған үрдіс екен. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!