Қазақ қызы "Сочидің алтын аруы" атанды

Қазақ қызы "Сочидің алтын аруы" атанды
Фото: tn.kz

Алматылық 22 жастағы Әлия Даниярова Қазақстанның атынан Сочиде өткен Miss Black Sea Coast 2015 ("Қара теңіз жағалауы Аруы") халықаралық сұлулық байқауына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әлия Даниярова "Сочидің алтын аруы" титулына ие болды, оған жүлде ретінде Сочиде демалуға арналған жолдама табыс етілді. Айта кетейік, Даниярова сұлулық байқауына бірінші рет қатысып тұрған жоқ, ол "Алматы Аруы-2014" пен "Қазақ Аруы-2013" байқауларының финалисі. Ол Жүргенов атындағы өнер академиясының театр факультетін бітірген. Отандық телехикаяларға қатысып үлгерген, олардың қатарында "Махаббатым жүрегімде", "Қыздар", "Жедел жәрдем-2", "Сүрбойдақ" бар.

Ресей, Украина мен Қазақстаннан барған 27 ару жеңіс үшін таласты. Ақтық сында қыздар сәнді көйлектерін киіп, дефиле жасады, соңынан купальниктер мен кешке арналған көйлек үлгілерін көрсетті. Қорытынды бағалау кезінде ұлттық киімдер мен шығармашылық номерлерге баса назар аударылды.

Айта кетейік, Ресейдің Орёл қаласынан қатысқан Дарья Симонова "Қара теңіз жағалауы Аруы-2015" байқауының жеңімпазы атанды, ал Ростов-на-Донудан барған Виктория Губанова екінші орынға ие болды.

М. Бисембаева