- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақ қызды түнге...
"Қазақ қызды түнге қалдырмай ұзатқан". Ұлттық дәстүр бұрмаланып жүргені рас па?
Желіде қыздарды алдын түн қылып ұзатуды сынға алып, қазір салт-дәстүрлердің бұрмаланып кеткені туралы жазбалар тарады. Бұрын қазақта "қыздың алды жарық болсын" деп, жігіт жақ қалыңдықты келесі күні алып кеткен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибізия Қалшабаева Massaget.kz тілшісіне бұл жоралғы туралы түсіндірді.
Этнографтың айтуынша, қазақ қызды ешқашан түнге қалдырмаған.
"Қыз ұзату дәстүріндегі қыз аттандыру дәстүрі бүгінде бұрмаланып жүрген жоқ па деген мәселеге келсек, әрине заманның, уақыттың ағымына қарай қызды ұзату өзгерістерге ұшыраған. Қазіргі қыз ұзату тойының өзі үйлену тойынан кем соқпайтынын көріп те, біліп те жүрміз. Бұрын қыз ұзатыдан 3-4 күн бұрын қыз жеңгесі әдемі киініп, қалыңдықтың сәукелесін киіп ауылдастарын, туған-туысқандары тойға шақыратын болған. Оған дейін ұзатылғалы отырған қызды туған туысқандары "танысу" деп (негізі мұны туғандармен қоштасу деуге болады) қонақ етіп, қыздан қалауын сұрап, береді. Бұл енді бір жағынан қыз жасауына қосқан үлесі деуге болады. Кейбір өңірлерде (батыста) қыз кететін күні туған-туыстарын аралайды деген де деректер бар. Негізі туған-туысқандары дәстүр бойынша арнайы ұзатылардан бірнеше күн бұрын шақырып, қонақ етіп, қыз көңілінен шығуға тырысады. Қыз ұзатуға жиналған тойшылар да күндіз балуандар күресі, ат бәйгесі, т.б. өткізсе, кешке жастар отау маңына жиналып, ойын-сауық құрып, "жар-жар", "сыңсу", "айтыс" айтып көңіл көтеретін болған", - дейді ол.
Сондай-ақ, Бибізия Қалшабаева қызды түнге қалдырмау ырымы қандай нанымнан туғанын айтты.
"Қазір қазақ тойының барлығы кешке өтетіні белгілі. Ол әрине шақырылатын қонақтардың жұмысбастылығына байланысты, демалыс күндері той жасауға бәрінің қолы бос емес, оның үстіне күндіз барлық шаруасын бітіріп, кешке емін-еркін демалуға орайластырылған. Қазір қызды түнгі 12-ден қалдырмай ұзату керек деп жатады, мұның өзі дәстүрдің бұрмаланғанын көрсетеді. Бұл ұғым, меніңше, ертедегі қазақтың "қызды түс ауа қалдырмау" деген наным-сенімдерінен туындауы мүмкін. Қазақ дәстүрі бойынша қызды түске дейін түс ауа қалдырмай ұзататын. Осы бір дәстүр Қазақстанның батыс өңірлерінде жақсы сақталған. Кешке қыз ұзату тойы өткенімен, түнде қызды аттандырмайды. Таңертең құда, күйеу, күйеу жолдаспен қайта келіп, қалыңдық үйінен "ақ" (қымыз, шұбат) ішіп, тілек-батасын беріп 1-2 сағат отырып, әкелген жөн-жоралғыларын таратып, қыз аттандырар кәделерін беріп қызды ұзатып алады", - деді маман.
Этнографтың айтуынша, мұндай жоралғының астары бар.
"Көп деректе ертеде қызды таң ата күн сәулесі шапағатын төгіп тұрғанда ұзатқаны айтылады. Оның себебі - "жаңа өмірге қадам басқан жастардың өмірі де жарық, сәулетті болсын" деген ырымнан туған", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек