- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ күйеу жігітті...
Қазақ күйеу жігітті қалай сынаған?
Қазақта ұл тәрбиесіне ерекше қарап, оны ертеден түрлі кәсіпке баули бастаған. Ежелден ақсақалдар ұл өжет, алғыр, ақылды болуы керек, қолынан іс келуі керек деп талап қойған. Олар жігіт бес түлік малдың қыр-сырына қанық, күтімін білетін, аңшылық, егіншілікті де меңгеруі керек деген. Бұдан басқа, ол күйеу болып, қайын жұртына барғанда ет турай алмай, мал соя алмаса, үлкен "сөгіс" алған. Massaget.kz тілшісі ертеде қазақ күйеу жігітті қалай сынағанын анықтап көрді.
Күйеу киім
Тарихи деректерге сүйенсек, күйеу жігіт қалыңдық аулына келгенде, ең алдымен, оның сырт келбетіне мән берген. Себебі күйеу жігіттің өзіне тән киімі болған.
Алдынан шыққан жеңгелер мен қыз-келіншектер күйеуді киімінен танып алады. Сондықтан күйеу, салт бойынша, басқа жігіттерден ерекше киінеді. Ол бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киеді. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса, айып төлейді немесе сөзге, сынға не күлкіге ұшырайды. Сол бетімен қыз-келіншектердің ортасына түскен күйеу небір қалжыңға төзеді. Ал оның мінген атын ауыл балалары мініп алып, қызыққа бөленеді. Кей деректерде, қазақта жігітті кісесінен, белбеуіне және жеті атасына қарап таныған делінеді.
Осылайша, алдымен күйеу жігіттің сырт келбетін, кейін оның өнерін сынайды.
С.М. Дудин, Семей облысы, 1899 жыл
Күйеу кәде
Құдасынан хабар алған соң, ұлдың әкесі оның жанына 5-6 өнерлі жолдасын ертіп, бірнеше мал, жыртыс пен түрлі кәдеге арналған мата мен орамал, сақина мен сырға, жамбы мен күміс теңгелер, басқа да ұсақ-түйек сыйды жеке қоржынға артып, жігітті қайын жұртына жібереді.
Күйеу жігіт қыз ауылында бірнеше күн болып, оның жеңгелеріне бірнеше кәде сыйлайды. Мысалы, ұрын келу, есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, кемпір өлді, бақан салар, күйеу аттандырар үшін әр жеңгесіне сый беруі керек.
Осылайша, қыздың жеңгелері күйеу жақтың қаншалық дайын келгенін, кәде сыйының жеткілікті болуын сынайды.
kazgazeta.kz
Қазақта жігітті тек жеңгелері сынап қоймаған. Сондай-ақ, бойжеткендер де жігітті тексерген.
"Тобық сақтау"
Мысалы, "тобық сақтау" ойыны бойынша, қыз жігіттің сертке берік екенін, айтқан сөзінде тұра алатынын тексереді.
Шарт бойынша, тобықты жігіт тығып, сақтауы тиіс. Қыз кез келген кезде жігіттен "тобығым қайда" дегенде, ол "тобық мұнда" деп қызға көрсетуі керек. Тобыққа арнайы белгі салынады. Жігіт тобықты тауып бере алмаса, айып жүктеп, қызға асыл дүниелер береді. Ал жігіт сертте тұрып, тобықты көрсетіп берсе, қыз жігітке асыл дүниелер тарту етеді.
Осы сертінің орындалуына қарай ертеде қыздар жігіт таңдаған. А.Л. Мелков, Семей облысы, 1927 жыл
Кез келген жиында жеңгелер күйеу жігітті бірнеше жолмен сынаған.
"Мойын тастау"
Түрлі дерек бойынша, "мойын тастау" ойыны арқылы жеңгелер жігіттің төзімін тексерген. Бұл - асықты жілік, төске мүлде ұқсамайды. Әдетте қазақта мойынды бала-шаға, малшы жейді. Күйеуге мойын мүжітуді "сенің ендігі сыбағаң осы" деп көбіне жеңгелері, балдыздары қалжыңдайды. Қазақта жездемен ойнау өте кең етек алған. Сол күні күйеу мойынды таза мүжіп жей алмаса, қарқылдап күліп мазақ астына алады. Егер мойынды мұнтаздай қылса, "келіншегің сұлу болады" деп тілек айтқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек