Бүгін, 21 қыркүйек, Сан-Францискода өтетін TechCrunch Disrupt конференциясында Рүстем Ақышбеков пен оның командасы Robo Wunderkind атты роботын таныстырады. Аталған робот балаларды мектепке дейін компьютерлік бағдарламалау тіліне үйретеді.
Бұл жоба 2014 жылдың басынан белсенді қолға алынған. Олар өткен жылы voxpopuli.kz сайты ұйымдастырған «Өз бизнесіңді дамыт» атты стартаптар байқауында үздік бестікке еніп, белгілі миллиардер Кеңес Рақышевтің Singulariteam қорының қолдауына ие болған. Сол кезде Рүстемнің командасы 10 мың АҚШ долларын иемденген болатын.
«Электрониканы өндіру – өте күрделі процесс. Сондықтан өнімнің толық дайын болуы мен оның сынақтан өтуіне біршама уақыт қажет болды. Негізі жоспар бойынша, өндіріс Қытайда өткен жылдың күзінде басталуы тиіс еді», - дейді Robo Technologies Inc. бас директоры Рүстем Ақышбеков.
Рүстем Ақышбеков ҚазҰУ-да "Ақпараттық жүйе" мамандағын оқыған. 2013 жылдан білімін Аустрияда жалғастырады.
Robo Technologies жобасы кешіктірілгенімен, оған TechCrunch басылымының назары түсіп, идея авторлары халықаралық конференцияға шақырту алған еді. Рүстем тобындағы Юрий және Аннамен TechCrunch Disrupt конференциясындағы Стартаптар аллеясында (Startup Alley) өз өнімдерін таныстырады.
«Маған университеттегі білім беру әдістемесі ұнамайтын. Менің ойымша, ұстаздар бағдарламалауды бізге түсінікті тілмен үйретпейді. Сондықтан бағдарламалауды кішкене балаға да үйрете алатын роботты құрастыруды ұйғардым. Екі жылдық өнім бүгін сатылымға шығады», - дейді Рүстем.
Robo Technologies Inc. негізін қалаушылар 21 қыркүйек күні Сан-Франциско уақыты бойынша 15:00-де (Астана уақыты бойынша 22 қыркүйек 01:00-де) techcrunch.com сайтының тікелей эфирінде шығып, Robo Wunderkind роботының сатылымға шыққанын жариялайды.
Алдын ала тапсырыс беру Kickstarter платформасында жүзеге асырылады. Ал бағасы 79 АҚШ долларынан бастау алады. Алғашқы 200 тапсырыс берушіге арнайы жеңілдіктер қаралған.