- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақ қоғамы -...
"Қазақ қоғамы - эгоист". Танымал тележүргізуші қазақтардың мәдениетсіздігін сынап тастады
Тележүргізуші Данияр Есен әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтардың мәдениетіне қатысты сын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қазақтар бір-бірінің уақытын сыйламайды.
"Қазақ қоғамы - эгоист. Бір-біріне жаны ашымайды. Тек өзіме тиімді болса екен дейді. Біреудің уақытын сыйлау деген атымен жоқ. Қарапайым ғана мысалдар. Автокөлігін кез-келген жерге қойып кете салады. "Басқа машинаға бөгет жасаймын ба, жасамаймын ба?" деп басын ауыртпайды. Өзіне ыңғайлы болса, болды. Қояды да кетеді. Дөңгелегін теуіп, шырқырап екінші машинаның иесі қалады. Дүкенде де сол жағдай. Лентада товарың өтіп жатқан кезде, телефоныңды ашып, Каспий QR-ыңды дайындап тұруға болады негізі. Басқа адамның уақытын үнемдеу үшін. Жоқ, біз ондай емеспіз. Асықпаймыз. Маңғазданып, қалтамыздан телефонымызды шығарамыз. Жан-жағымызға асықпай бір шолу жасап, кодымызды теріп, одан кейін барып, керіле-созыла төлем жасаймыз. Банкоматтың алдында да осы жағдай. ИИН-ді қағазға жазып алып, ақшамызды санап алып, алдын-ала дайындалып бармаймыз. Банкоматқа дейін біреумен сөйлесіп тұрамыз да, кезегіміз келгенде, жанталасып сөмкемізді ашып, ақшамызды, картамызды іздейміз. Өзімізден кейінгі ұзын-сонар кезекке мұрнымызды шүйіріп бір қараймыз. Өзімізге ыңғайлы болса-болды. Міне, біздегі мәдениеттің үлгісі осы. Бір-біріміздің уақытымызды сыйламайтын болдық. Ары қарай қалай болатыны белгісіз", - деді ол.
Желі қолданушылары да авторды қолдап, "машинасын алдыға қойып кететіндерге бір шара ойлап тапса ғой деп ойлаймын, ел күтіп қалады деген ой мүлде жоқ қой", "Даниярдың айтып жатқаны ешқандай ұсақ-түйек нәрсе емес, біреудің уақытын алу дамыған елдерде мәдениетсіздік болып саналады", "қосылам, тура солай", "мәдениет, білім министрлігі жұмыс істеу керек", "бір-бірімізді менсінбейміз ғой, өзгеге емес, өзімізге көрсетеміз сондай "мінездерімізді" деп жазды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы