- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақ жігітімен жүремін"....
"Қазақ жігітімен жүремін". Жапон қызының Қазақстандағы тағдыры
Жапон қызы Айгүл Эбиненің елімізге келуіне Денис Тен себепші болған. Ол 7 айда қазақ тілін үйреніп, елімізге оқуға түскен. Айгүл қазақ пен жапон ұлтын не байланыстыратынын, қандай құндылықтары ұқсас екенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
- Біздің қоғамға әбден сіңісіпсіз. Атыңыз Айгүл екен. Бұл жолға қалай келдіңіз?
Жапонша атым - Мисаки. Ондағы "ми" деген мағына өз тілімде "әдемі" деген сөз, ал "саки" гүл деген мағына береді. Осы есімге мағыналас болсын деп өзіме қазақша "Айгүл" деген есімді таңдап алдым.
Алғашқы рет 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Теннің өнеріне қатты қызықтым. Сол жылдары әйгілі спортшының сұхбатын тындап отырып, оның туған еліне қызығушылығым оянды. Денис Тен өз елін қалай жақсы көретінін, оны әрқашан дамыту үшін әрекет жасайтынына көзім жетті. Қазақстанға қатты барғым келді.
Фото:Мисаки Жапонияда Денис Тенмен кездесіп, оған түскиіз сыйлаған
- Қанша тіл білесіз? Тағы қандай тілдерді үйреніп жатырсыз?
Қазір Жапонияда жүрмін, бірақ жұмысым Қазақстанмен байланысты. Өзім үш тілде білемін. Туған тілім жапон, қазақ тілін және ағылшын тілінде сөйлеймін. Қазіргі таңда орысша және кәріс тілін үйреніп жүрмін. Ол тілдерде аздап қана сөйлей аламын.
- Сіздің ойыңыша, Қазақстан мен Жапонияны не байланыстырады?
Мен Қазақстанға оқу үшін келетін жапондардың көбейіп келе жатқанын байқаймын. Бұрын бір жылда 2-5 студент келетін болса, өткен жылдан бастап олардың қарасы артыпты. Мәселен, былтыр 30-дай адам келді. Қазақстанға келетін отандастарымның саны әлі де көбейеді деп ойлаймын. Жалпы, Жапонияда да қазақтар көп тұрады. Сонын бірі Жапонияда балықпен жасалған сапалы коллагенді Қазақстанға сатумен айналысып, кәсіп жасап жүр. Яғни екі ел арасында кәсіпкерлік салада да серіктестік нығайып келеді. Осы жылы біздің үкімет басшысы да Қазақстанға барып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен саммит өткізуді жоспарлады. Меніңше, бұл қарым-қатынас әлі де арта береді.
Сурет: Мисакидің әлеуметтік желідегі парақшасынан
- Біздің елімізге келгелі сізге 8 жылдай уақыт болыпты. Нені көп ұнаттыңыз?
Халықтың ұлттық тағамдары тіл үйіреді. Ет пен қазының дәмін алғашқы рет көргенім есімнен кетпейтін шығар. Ал, қазақтың мәдениетінде де қызық дүние көп. Одан бөлек, қазақша әндерден Димаш Құдайберген мен Ninety One-нды жиі тыңдаймын. Басқа да жас әншілердің де әнін тыңдағанды ұнатамын.
- Қазақтар мен жапондарды туыс деп жатады. Бұл ақпаратқа көзқарасыңыз қандай? Тілді үйренуші адам ретінде сізде бір ой қалыптасқан шығар?
Иә, мұндай мәліметті естуім бар. Бірақ ақпарат көп қой, онша сеніңкіремей тұрмын. Алайда, тіл жағынан бір жақындығымыз бар сияқты... Екі тіл грамматика жағынан ұқсастықтары көп. Екеуінің де сөздеріне жалғаулар жалғанады. Яғни, түбір сөз өзгермейді, оған қосымшалар жалғанып отырады. Сөздердің орын тәртібі де бірдей. Басында үйренген адам сөздердің мағынасын түсінуі қиын болуы мүмкін. Менде солай қателесетінмін, қазір бәрін түсініп алдым. Маған қазақ тілін үйрену үшін 7 ай қажет болды.
Қазақша білгенім өміріме көп өзгеріс әкелді. Өзім бала кезден жұмысымның Орта Азия елдері мен халқына байланысты болса екен деп армандаған едім. Сол мақсатым орындалды. Қазақ халқы мен ондағы достарымды жақсы көремін.
- Сізде Қазақстанда қалып, қазақ жігітіне тұрмысқа шығу туралы ой келді ме?
Иә, шынымды айтсам, қазіргі таңда Жапонияда тұратын қазақ жігітпен жүремін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Ордабаев