Қазақ жігіті Лондонда депутат болды

Қазақ жігіті Лондонда депутат болды
Фото: instagram.com/sanabishev/

Ұлыбританияда муниципалды сайлау өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан тумасы Санжар Әбішев Лондонның орталық аудандарының бірі Вестминстер кеңесінің депутаты болды. Ол St James’s округінен Консервативті партия атынан сайланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сайлау қалай өтті?

Westminster City Council жариялаған нәтижелерге сәйкес Санжар Әбішевке 974 адам дауыс берген. Ол консерваторлар атынан түскен Тим Митчелл және Марк Ангус Ширермен бірге округтегі жеңімпаздар үштігіне енді. Округтегі сайлаушылардың келу үлесі 33,8 пайыз болған: тіркелген 6821 сайлаушының 2303-і дауыс берген.

Санжар Әбішев St James’s округінде Консервативті партияның кандидаты болды. Сайлау қорытындысы бойынша оның партиясы Вестминстер кеңесінде көпшілік дауысқа ие болды, 54 орынның 32-сін иеленді. Лейбористерде 22 мандат бар.

westminster.gov.uk

Сайлау алдындағы науқан кезінде Санжар Әбішев пен оның командасы қауіпсіздік мәселелеріне, көше тазалығына және қалалық қызметтердің жұмысына басымдық берген. Команданың басты уәделерінің қатарында қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейту, антисоциалды мінез-құлықпен күресу, көшелерді күтіп ұстау және "салық төлеушілердің ақшасына құрметпен қарау" болған.

Вестминстер кеңесі немен айналысады?

Westminster City Council Лондонның орталық бөлігіндегі көптеген мәселеге жауап береді. Депутаттардың міндетіне тұрғын үй, абаттандыру, баспанасыз адамдармен жұмыс, жергілікті қауымдастықтарды қолдау, әлеуметтік бағдарламалар, көше тазалау, мекемелерге лицензия беру және қалалық инфрақұрылымды дамыту кіреді.

Демек, Санжар Әбішев әлеуметтік бастамалардан бастап қалалық сервистерге дейінгі аудан тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты шешімдерді қабылдауға қатысады.

Санжар Әбішев туралы не белгілі?

Кәсіпкер Қанат Көпбаев желідегі парақшасында сәуірде Санжар 33 жасқа толғанын жазды.

"Қазақ жігіт Лондондағы St. James ауданының мэрі болып сайланды. Менің ескі досым, кәсіпкер Азат Әбішевтің ұлы Санжар небәрі 33 жаста. Лондондағы атақты Malvern колледжін, сосын университет бітіріп, енді қалалық Westminster City council атқарушы органына мүше болып енді. Консервативті партия өкілі ретінде бас бәсекелес лейбористерден 350 дауысқа озып шықты. Құтты болсын, Санжар Азатұлы, үлкен саяси шыңдардан көріне бер!" - деп жазды ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Қанат Копбаев (@kanat_kopbayev)

Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, Санжар Әбішев әр жылдары Ұлыбританиядағы түрлі компанияда маркетинг маманы болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері ол ірі брендтермен жұмыс істейтін маркетинг агенттігін дамытып келеді. Сонымен қатар, 2015 жылы бірнеше әлеуметтік жобаны қолдайтын жеке қайырымдылық ұйымын құрған.

Санжар Әбішев саяси аренада 2022 жылдан бері көріне бастағаны айтылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget