"Қазақ хандығы" ұғымы - ғылыми, жасанды термин". Ғалым қазақ тарихына қатысты тың деректер айтты

15 жыл өмірін "Қазақия елі" белгіленген карталарды зерттеуге арнаған Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Қазақстанның бұрынғы атаулары туралы айтып берді. Massaget.kz тілшісі ғалыммен сұхбаттасып, қызық деректерді білді.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров - Заманауи зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты және саясаттану ғылымдарының докторы. "Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. XV-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті" еңбегінің авторы.

Профессор зерттеу жұмысын 2007 жылы бастаған. Осы уақытқа дейін Еуропа мен АҚШ-та таралған көптеген картаға талдау жасады. Картада 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған.

 

Сыдықназаровтың айтуынша, 15 ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығының атауы Бельгия, Нидерланд, Ұлыбритания, Ирландия, Франция, Италия, Германия, Австрия, Шотландия және АҚШ-тың озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарына тұрақты түрде түсіп отырған.

"Еуропалықтар халқымыздың атауын жазғанда ешқашан қателеспеген"

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров "Kazak", "Qazaqі", "Казак", "Mamlakati Qazaq" сияқты автоэтноним, автополитоним мен автократонимі бар карталарды арнайы іздеген.

"Еуропалықтар XV-XIX ғасырдың екінші жартысына дейін біздің халқымыздың атауын жазған кезде ешқашан қателеспеген. Әлемдік еуропалық карталардағы атаулардың 90 пайызы бір-біріне ұқсас", - дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Ғалым еуропалық карталарда Қазақ мемлекетінің атауы қалай белгіленгеніне мысалдар келтірді: "Calzag", "Cassachi", "Cassachios", "Cassaci", "Cassacki", "Cassacky", "Cassaк", "Caßakia", "Cassaky", "Cassaqy", "Cassaсcia Horda", "Cassaсkia", "Casatshi", "Cazalgites", "Chalzag Stati del Tartaro", "Chalzag", "Chalzak", "Chazalgites", "Royaume des Chazalgites", "Cosaccorum", "Coßaqorum Horda", "Cosacki", "Cosaki", "Cosaq", "Cosaques Errans", "Cosaski", "Gazitae Chanaaket" (Қазақ Хандығы), "Cuadrilla de Tartaros Kasatsha", "Gazitae", "Hacsaxa", "Independent Kassaks", "Independent Tartars", "Independent Tartary", "Independent Turkestan", "Kaisaken", "Kaisaks", "Kaissaken", "Kaissaks", "Kaizaken", "Kalzag", "Karsak", "Kasacha", "Kasacсia Horda", "Kasake", "Kasakhe", "Kasakhi", "Kasaki Tartares", "Kasaki", "Kasaki Tartari", "Kasakia", "Kasakki Tartari", "Kasakki Tartari", "Kasakki", "Kasaks", "Kasatchia Horda", "Kasatscha Horda Tartars", "Kasatschia Horda", "Kasatschia Orda", "Kasatsha", "Kasatsia Horda", "Kasatsia Horden", "Kasatsia", "Kasazier Orda", "Kasaсia", "Kaski Tartari", "Kassacia Horda", "Kassacia", "Kassaki Tartari", "Kassaki Tartari", "Kassaki", "Kassakia Horda", "Kassakia", "Kassaсkiа", "Kayissaks", "Kayissaks", "Kazak", "Kazaschia", "Kazatchia Horda", "Kazatchia", "Kazatschia", "Kazatsia Horde", "Khasaks", "Khasaks", "Khirghiz Kaizak", "Kirgees", "Kirghis Kaisaks", "Kirghis Kaissaks", "Kirghisen", "Kirghises", "Kirghisi", "Kirghiz Kaisaks", "Kirghiz Khasaks", "Kirghiz Tartars", "Kirghiz", "Kirghiz-Kayissaks", "Kirgises", "Kirgisi Cosacki", "Kirgiz Kaizaken", "Kirguises", "Land der Kirgis Kaisaken", "Getе", "Land of Geta", "Pays de Gete", "Country of Geta", "Pays De Kaissaks", "Pays De Kassaks", "Pays des Kirghiz-Kaissaks", "Tartarie Independante", "Tatarie Independante" және басқалар.

Соңғы суретте IV Карлға тиесілі 1530 жылғы дүниежүзілік картадағы Қазақ мемлекетінің "Kosaki" франуцз картасы көрінеді.

"Бұл - қазақтарда мемлекет болмаған дегендерге нақты жауап"

Ғалым қазақтарда "мемлекет болмаған" дегендерге жауап берді.

"Еуропалық және америкалық карталар тәуелсіз Қазақ мемлекетінің болғанын растап отыр. Біздің ел жайында айтылған "теріс пікірлер" бүгінгі таңда аса құнды тарихи-мәдени карталар арқылы толық жоққа шықты. Ата-бабаларымыздың өздерін Қазақия немесе Қазақ мемлекеті деп атады. Ал "Қазақ хандығы" ұғымы - кеңес заманында "қазақтардың мемлекеттік бірлестігі сияқты", бірақ "әлі мемлекет болмаған" дегендей мағынаны беретін ғылыми, жасанды термин. Кеңес тарихшылары, қазір ресейлік саясаткерлер де Қазақ мемлекеті 1918 жылы революциядан кейін ғана құрылғанын жан-жақты айтып келе жатқанын білесіздер. Бұл, әрине, өтірік әрі нақты деректі бұрмалау деп білемін", - деді Сыдықназаров.

Жасұлан Ордабаев

Суреттер: Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың әлеуметтік желісінен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!