- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақ халқының көрсеткен...
"Қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайды". Вьетнам президенті Тоқаевқа алғыс айтты
Вьетнам президенті Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сіздің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарыңыз екі мемлекеттің дәстүрлі достық қарым-қатынасы мен көпжақты ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін беретініне сенімдімін. Мен Қазақстанда сапармен болдым. Өте тамаша, ғажап ел, халқының қонақжайлығына тәнті болдым. Вьетнам Қазақстанның дамуын және сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының жеткен зор табысын жіті бақылап отыр. Сіздің тәжірибеңіз бен стратегиялық көрегендігіңіздің арқасында Қазақстан одан әрі дамып, әлемдегі және аймақтағы тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосатынына сенімдімін", - деді Вьетнам президенті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Во Ван Тхыонгты Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
"Вьетнам ұлт-азаттық күресі мен мемлекеттің бірігуіне және қазіргі дамуына қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайды әрі алғыс айтады. Біз Қазақстанмен арадағы дәстүрлі достық қатынасқа зор мән береміз және еліңізді Орталық Азиядағы маңызды серіктес санаймыз", - дейді Вьетнам президенті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова