ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан мұнайшыларын кәсіби мерекесімен құттықтады. Биыл қазақ даласында мұнайдың пайда болғанына 120 толды.
Қазақтардың ең алғашқы мұнайды қалай пайдаланғаны туралы 1927 жылы Қазақстан мұнай кәсіпшілігінде еңбек еткен Сабыр Шәріпов "Мұнай" атты оқулығында жазады:
"Орал-Жем аймағындағы мұнай 40-50 жылдан бері ізделген. Одан арғы жерде де, сондағы тұрғын қазақтар мұнайдың бар екендігін білген, керегінше пайдаланған. Құдық қазып, не болмаса жердің не судың үстіне шығып жатқан мұнайды алып жұмсаған. Ол мұнаймен қазақ кәсіп қылмаған. Түйенің қотырына, адамның іші ауырғанда, болмаса қотыр болғанда ем қылып, сондайға ғана жұмсаған. Оның отын орнына жарайтынын білмеген, жағып пайдаланбаған. Сол қазақтар мұнайдың атын "мұнай" деп қойған".
Ал 1899 жылы қарашада Қарашұңғыл шатқалында 40 метр тереңдіктен құбыр арқылы алғаш рет мұнай шықты, Қазақстан мұнайының тарихы осы кезден бастау алады. 1911 жылы сәуірде ашылған Доссор кенішінен шыққан жоғары сапалы мұнай әлемдік деңгейде назарға ілінді. Екі жылдан соң Гурьев облысында Мақат кеніш орны ашылды. 1914 жылы Мақат пен Доссор екеуінен 200 мың тоннада астам мұнай өндіріледі.