Қазақ халқының өмірінде наным-сенім мен ырым өте көп. Әсіресе жаңа туған сәбиге қатысты тақырыпқа аса ден қояды. Мысалы, қазақта бос бесікті тербетпе, бетін ашық қалдырма, оны саудалама деген ырымдар бар. Этнограф Досымбек Қатран неге бесіктің бетін ашық қалдырып, бос бесікті неге тербетуге болмайтынын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бос бесікті не үшін тербетуге болмайды? Бұл қазақ халқының "жамандық шақырмау" деген нанымынан туындаған ырымы. Халық арасында нәрестесін жоғалтқан, бауыр еті баласын жер қойнауына тапсырған ана қайғырып, баласын аңсап бесігін тербетеді деген ұғым тараған. Міне осыдан келіп "бос бесікті тербетпе, басыңа қайғы келеді" немесе "бос бесікті тербетсең балаң шетінейді" деген түсініктен сондай ырым шықса керек. Этнограф Досымбек Қатранның айтуынша, бос бесікті тербету ұрпақсыз қаласың деген сөз.
"Қазақ бос бесікті ешқашан тербетпеген. Жаман ырым деп есептейді. Бос бесікті тербету, баласыз, ұрпақсыз қаласың деген сөз. Себебі, бала өмірге келгеннен оны бесікке салып, тербетеді. Бала дүниеге келгеннен кейін ғана бесіктің жабдықтарып алып, оны жаңартып, ат қояды. Ал қазір тіпті тумаған балаға ат қойып жатады. Ол дұрыс емес. Бұл күпіршілікті білдіреді", - деді этнограф.
Бос бесіктің бетін неге ашық қалдыруға болмайды?
"Қазақ беті ашық қалған бос бесікті жын ептеп, мекендеп алады деп сенеді. Аңыз бойынша жаңадан босанған әйелдің не туылған баланың жанын алғысы келетін мыстан кемпір болатын көрінеді. Мыстан кемпір әйел не баланың жанын иеленіп, алып кетуі мүмкін деп қорқып, сақтану үшін бесіктің бетін әрдайым жауып жүретін болған.
Осыған байланысты Оңтүстікте "шымшыма нан" бар. Анасы баланы емізетін кезінде, өзімен кішкене үзік нан әкеліп қоятын болған. Мыстан кемпір бесіктің беті жабық тұрғаннан баланы ала алмай, тарыққаннан сол нанды шымшып кетеді екен. Сол үшін аналар емізгенде кішкентай болсын, шелпек алып келуге тырысқан", - деп мысал келтірді этнограф.
Бесікті неге аяқпен тербетуге болмайды?
"Бесікті аяқпен тербетуге болмайды, өйткені аяқпен тербету деген әбден шаршаған адамның ісі. Ал бесікті шын пейілмен тербету керек. Бесік киелі дүние болғандықтан, оған қалай болса солай қатынас жасауға болмайды. Сондықтан, бұл мән беріп шын пейілмен тербет деген сөз", - дейді этнограф.
Неге бесіктің сол жағына отыруға болмайды?
"Негізінен анасынан басқа бөтен адам баланы оң жағынан келіп қарауға тиіс. Теріс жағынан келуге болмайды. Ал анасы екі жағынан да алма-кезек емізуі керек, себебі бір жағынан емізе берсе баланың басы қисық болып қалуы мүмкін", - деп жауап берді этнограф.
Мұндай ырымдарға сенуге бола ма?
"Әрине, барлық ырымға сеніп, орындап, атқару керек. Психологиялық тұрғыдан келгенде барлық ырым атқарылым деген сөзді білдіреді. Наным-сенімнің ең маңыздысы жаман күштен сақтау", - дейді Досымбек Қатран.
Этнографтың сөзінше, қазақ - балажан халық. Қазақ үшін ең басты байлық ұрпақ, бала деп есептеледі. Ал бесік баланың жабдығы, сондықтан бесіктің де қадір-қасиеті мол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!