Заңгер Кәмшат Шылпекова Талғарда бір топ кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің туыстары мен адвокаттары нақты нені талап етіп отырғанын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, сот ашық өтуі керек.
"Заңды жағынан қазір айтуға ерте ғой, сенесіз бе? Себебі толыққанды, жан-жақты, объективті тергеу керек. Неге? Себебі жеті адам емес, одан көп адам болған. Олар қайда? Кім іздестіріп жатыр? Тергеу амалдарын тиянақты, енді жүргізіле бастаған соң, ол іске енді кірісіп отырмыз. Әлі іспен толыққанды танысқан да жоқпыз, бірақ талабымыз – әділетті тергеу өткізсін. Қылмысқа қатысы бар адамдардың бәрін толыққанды жауапқа тартсын. Тергеу ашық болуы керек, сот та ашық өтуі керек. Бұл кісілердің талабы – осы. Бұл істі басынан аяғына дейін жүргіземіз. Тек мен емес, мен қатарлы белгілі адвокаттар бар, олар бей-жай қалмай, келіп отыр. Қазақ болып күресеміз және іске нүкте қоямыз", – деді заңгер.
4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған.
Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жігіт дүкенге келіп, сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.
Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Қаза тапқан жігіттің ата-анасы полицейлер оқиғаға қатысты адамның бәрін ұстамағанын айтып, дабыл қаққан.
Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық прокуратура өкілдері бұл оқиға жіті бақылауда екенін хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз