- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Допинг дауы
Қазақ боксшысы 2 жылдан соң Азия ойындарының жүлдесін алады: ҰОК жауабы
Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарында Ханчжоуда өткен Азия ойындарында бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Ертуған Зейнуллиновқа қола медаль беріледі деген ақпарат тарады. Бұл шешім 1/4 финалында біздің боксшыдан басым түскен Моңғолия спортшысы Чинзориг Баатарсухтың дисквалификациясына байланысты қабылданды деп айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алайда Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитеті бұл ақпараттың ресми емес екенін мәлімдеді.
"Чинзориг Баатарсухтың дисквалификациясы туралы ақпарат International Testing Agency сайтында жарияланған. Моңғол боксшысы 2023 жылдың 4 қазанындағы допинг-сынамасында тыйым салынған заттардың анықталуына байланысты спорттан төрт жылға шеттетілген. Айта кетейік, Зейнуллинов пен Баатарсух арасындағы ширек финалдық жекпе-жек 1 қазанда өтті. Сонымен қатар Баатарсухтың бұл шешімге қатысты спорттық арбитраждық сотқа (CAS) 21 күннің ішінде шағымдануға құқығы бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның ҰОК Азия Олимпиадалық кеңесіне (ОАК) 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі медальдарды қайта бөлу мәселесі бойынша сұрау жолдады. Бұл салмақта моңғолиялық спортшы алтын медаль иеленген еді", - делінген мәлімдемеде.
ҰОК мәліметінше, бүгінде Азия Олимпиадалық кеңестің халықаралық нормалары мен регламенттеріне сәйкес бокстан медальдарды қайта бөлу тәжірибесінің қолданылуына қатысты ресми хат күтіліп отыр.
"Атап айтсақ, осы спорт түріндегі медаль жеңіп алған спортшылар тізіміне өзгеріс енгізу мүмкіндігі туралы және Ертуған Зейнуллиновқа Азия ойындарының қола жүлдесін беру ықтималдығы туралы өкілетті орган түсініктеме беруі тиіс. Қазіргі уақытта медальдарды қайта бөлу туралы ресми шешім қабылданбағандықтан, бұл мәселеге қатысты кез келген ақпаратты расталмаған деп санауға болады", - деп хабарлады Ұлттық Олимпиада комитеті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан