- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ балеті Словения...
Қазақ балеті Словения халқын тәнті етті
"Астана Операның" әйгілі балет труппасы Люблянадағы 72-ші халықаралық жазғы фестивальде словениялық көрермендердің жүрегін жаулады. Фестиваль ұйымдастырушыларының шақыруымен қазақстандық ұжым 1-2 шілдеде көпшілікке А.Хачатурянның "Спартак" балетін ұсынды. Гастрольдік өнер көрсету ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы арқасында орын алды.
"Спартак" – арнайы таныстыруды қажет етпейтін туынды. Хачатурянның кемеңгер музыкасы, аңызға айналған балетмейстер Ю.Григоровичтің керемет хореографиясы мен драматургия тереңдігі оны әлемдік балет өнері қазыналарының бірі етті.
Халықаралық фестивальде жоғары деңгейдегі өнер көрсетулерді тамашалауға үйреніп қалған словениялық көрермендер қазақстандық әртістерді таңданыспен қарсы алды. "Цанкарьев дом" мәдени орталығының Gallus Hall ірі залы келушілерге лық толы болды. Үш мыңнан астам көрермен әртістерге тоқтаусыз ду қол шапалақ соғып, құрмет-қошемет спектакльдер аяқталғаннан кейін де көпке дейін толастамады. Көрермендер театр этуальдері Бақтияр Адамжан, Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаеваның техникалық шеберліктерін қоса, олардың сахнада мінсіз жүзеге асыра білген терең эмоциялық құраушы бөлігіне де таңғалды.
"Әртістердің "Спартак" балетінің барлық нюанстарын соншалық әсерлі жеткізгеніне қайран қалдым. "Астана Опера" труппасы қазақстандық балеттің әлемдік деңгейде екенін дәлелдеді. Бақтияр Адамжан мен Мәдина Өнербаева Спартак пен Фригияның басты партияларын орындап, кейіпкерлердің бейнелеріне өздерінің бірегей интерпретацияларын қосты, бұл Спартактың қайғылы көтеріліс хикаясына көрермендердің жаңа күшпен енуіне мүмкіндік берді. Тәжірибелі балерина Айгерім Бекетаева зұлым Эгинаның бейнесін шебер сомдаса, Красстың партиясындағы Арман Уразов пен Гладиатордың рөліндегі Серік Нақыспеков харизмалары мен әртістік қабілеттерін паш етті", - деді любляналық көрермен Янез Новак.
Балет труппасының өнер көрсетуін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" театрының дирижері Абзал Мұхитдиннің басқаруымен Словения филармониясының оркестрі және әйелдер хоры сүйемелдеді. Оркестр Хачатурян музыкасының барлық қуаты мен драмалылығын мінсіз жеткізіп, қайталанбас атмосфера жасады.
Люблянадағы халықаралық жазғы фестиваль – Еуропадағы ең беделді мәдени оқиғалардың бірі. Оған қатысу ұжымның шеберлігі мен дарынының жоғары деңгейде мойындалуы болып табылады. Қазақстандық труппа балет өнерінің жоғары деңгейін паш етіп, фестивальдің сәнін келтірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz