Қазақ әйелдері қандай кәсіппен айналысқан?

Қазақ әйелдері қандай кәсіппен айналысқан?
Фото: Түскиіз. Әлкей Марғұлан еңбегінен

Қазақ ұлттық өнерінің қалыптасуына бірнеше ғасырға созылған көшпелі өмір әсер етті. Күнделікті тұрмысқа қажет бұйымдар көшіп-қонуға ыңғайлы етіп жасалған. Көшпелі қазақта сұлуы мен жылуы қатар жүрген киізден жасалған бұйымдардың орны ерекше. Massaget.kz тілшісі түрлі тарихи деректерге сүйеніп, қазақ әйелдерінің айналысқан кәсібіне, киіз басу өнерінің тарихына шолу жасады. 

 Киіз басу

old.qazaqtv.com

Бұл 1920 жылы Жетісуда киіз басып отырған қазақ әйелдерінің суреті

Әдетте, бірнеше кезеңнен тұратын, бейнеті көп шаруаға бірден алты, кейде сегіз әйел кіріскен. Бұдан бір ғасыр бұрын Александр Ионов дала шеберлерінің оюлы текеметті шиге орап, домалатып жатқан сәтін түсіріп алған.

Киіз басу технологиясы бойынша, әйелдер киізді ширату үшін алдымен орамды ашып, су немесе іркіт құяды, бетіндегі оюларды жөндейді, шетінің қисық жерлерін алып тастайды. Кейін оралған киізді домалатып, басуға 3-4 сағат жұмсайды. Әдетте киіз басып болған соң, олардың алақандары мен шынтақтарының терісі ойылып қалатын болған.  

Ашық дереккөз

Жүн сабау    

old.qazaqtv.com

Тулақ - үстіне жүн сабау үшін немесе отыру үшін кептірілген шикі тері. Кепкен тулақты пайдаланар алдында сүт бүркіп жібітеді. Сонда жүн сабау кезінде тулақ сынып кетпейді.

Ал тулақты айнала отырып, 4 адам жүн сабайды. Әйелдер жүн үлбіреп көпсіп, жазылған сәтте тоқтайды. Бір киіз немесе текеметтің астыңғы бетіне осындай 7 сабам жүн керек. Ал үстіңгі бетіне қойдың өңкей күзем жүнінен 9 сабам жүн кетеді.

Бұл суретті XIX ғасырда генерал-губернатор фон Кауфманның тапсырысымен шығарылған "Түркістан альбомына" арнап, шығыстанушылар Александр Кун мен Николай Богаевский түсірген

Жарты сағат білектеп, жарты сағат алақандайды

old.qazaqtv.com

Деректерге сүйенсек, жалпы киіз басу, текемет ойыстыру ісіне кіріспес бұрын, алдымен жүн сұрыпталады. Негізінен киіз басуға көбіне қойдың күзем жүні мен қозы жүні қолданылады.

Ашық дереккөз мәліметтерінде киіз басуда алдымен жүн тулаққа салынып сабалып, шидің үстінде шабақталатыны айтылады. Содан кейін қайнап тұрған ыстық суды шидің бір жақ шетінен бастап себелеп құяды. 

Киіз басушылар киізді ақ шидің үстіне салып, айнала отырады. Қусырылған киіздің әр жерінен ұстап, оңды-солды қарпиды. Егер текеметке түрлі өрнек салынса, шидің орауы жазылып, қисайып қалмауы қадағаланады. Осыдан кейін 7-8 адам киізді шидің тігісіне қарсы жарты сағат білектеп, жарты сағат алақандайды.

Халық шебері Ұлбосын Қалқаманова. Әлкей Марғұлан еңбегінен

Киіз қалай пайда болған?

Эльмира Гюльдің деректеріне сүйенсек, киіздің пайда болуы Нұх пайғамбармен байланысты. Ол бұдан сегіз мың жыл бұрын су тасқыны болғанда, кемесінде қойдың тұяғына тапталған жүнді көрген. Аңыз бойынша, бұл тапталған жүн кілемге айналған. 

Ал Әлкей Марғұлан еңбегінде ежелгі малшылардың дәстүрлі сырт киімі киізден жасалғаны айтылған. Махмұд Қашқари сырткиімнің киізден жасалғанын алға тартса, ал Рубрук Куманияда киізден жасалған бас киімдер туралы жазған. XVI ғасыр Павел Иовий Новокомскийдің зерттеуіне сәйкес, жазық даланы мекен еткендер үйір-үйір жылқы бағу мен әйгілі жіп емес, жүннен тоқылған материал дайындаумен айналысқан. Ол жаңбыр мен қолайсыз ауа райынан қорғанудың таптырмас құралы болғанын айтқан. Ал жұқа киізден жасалған жеңіл шапанды алғаш рет Шыңғыс Уәлиханов 1867 жылы Мәскеу университетінің көрмесіне ұсынған. 

Сырмақ бітпес. Әлкей Марғұлан еңбегінен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек