“Қазақ аруы“ қатысушысы: “Университетке автобуспен келуге ұялатынмын“

“Қазақ аруы“ қатысушысы: “Университетке автобуспен келуге ұялатынмын“
Фото: видеодан скриншот

"Қазақ аруы", "Мисс Қазақстан", Missis Universe сұлулық байқауларының қатысушысы, жүргізуші Айгерім Үзембаева студент кезін еске алып, көрген қиындығы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айгерім Үзембаева бұл туралы "Мамский әңгіме" бағдарламасында қонақ болып, Айнұр Ілиясовамен сұхбаттасқанда баяндап берді.

"Қонақ ретінде келіп отырған алғашқы сұхбатым. Өзім Алматы қаласында туып-өстім. Осында оқыдым, білім алдым. Көпбалалы отбасында өстім. Үйде бес баламыз. Көпбалалы отбасында өскендер түсінетін шығар, үнемі өзара жарыс, жауапкершілік болады. Бес жасымнан ағылшын тілін үйрене бастадым", – деді ол отбасы туралы. 

Айгерім Үзембаева қандай мектепте оқығанын да айтып берді. 

"Анам Алматы облысынан, ал әкем Тараздан болғандықтан, бастауыш сыныпты Таразда оқып бітірдім. Кейін Алматыға көшкен соң Алматы қазақ-түрік қыз балалар лицейінде оқыдым. Мектепті бітірген соң KIMEP-тің Халықаралық журналистика мамандығына түстім. Ата-анам мені шетелге жібергісі келмеді. Сондықтан ағылшын тілі деңгейі жақсы университет ретінде KIMEP-ті таңдадым", – деді ол. 

Сұлулық байқауларының қатысушысы қазақ-түрік лицейінде оқуы оның өмірлік жарын таңдауына қалай әсер еткенін де айтты. 

"KIMEP-те көбінесе жақсы отбасыдан шыққан қалталы студенттер оқиды. Мен енді ғана ел аралап бастаған кезде университеттегі басқа студенттер көп саяхаттап, бренд киіп, iPhone-ның соңғы нұсқасын ұстайтын. Ал мен "Қалқаманның" ар жағында тұрдым. Университетке келіп кету үшін төрт сағат кететін. Сабаққа автобуспен келетініме ұялатынмын. Кейде әдемі болып киініп алып, автобусқа мініп, университетке бірнеше аялдама жетпей, түсіп қалып, әдемі болып, жаяу келетінмін. Ақшаның бәрін киім сатып алуға жұмсайтынмын. Басқа студенттермен бірдей дәрежеде жүру үшін барымды салдым", – деп сырын ақтарды ол. 

Айгерім Үзембаеваның айтуынша, ол университетте төрт жыл бойы ақылы бөлімде оқыпты.

"Кейде ақшам болмай қалатын. Мың теңгем ғана болған сәттер болған. Күні бойы бір активиа мен сникерс жеп жүре беретінмін. Бірақ өте белсенді студент болдым. Бәріне үлгеруге тырысатынмын. Қазір ғой, 24 сағаттың өзі аздық етеді, ешнәрсеге үлгермеймін. Сол кезде қалай бәріне үлгергенмін деп таңғаламын. 4 жыл бойы ақылы бөлімде оқыдым. Университет қабырғасында белсенді болғаным үшін оқу ақысын төлегенде жеңілдік болатын. Сол үшін де тырысқан шығармын", – деді ол. 

Еске салайық, танымал продюсер Баян Мақсатқызы биыл "Қазақ аруы" жобасын қайта қолға алып, кастинг жариялаған болатын. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Ибраева