Қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы мәлімдеме жасады

Заңгер Нұрсұлтан Орынбектің парақшасында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанқұлованың бейнеүндеуі жарияланды. Ол марқұм қызының бұрынғы күйеуі "Әділет Зейнел қайғылы оқиғадан сегіз ай өткен соң қайта үйленгені" туралы ақпаратқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мен Мырзуан Ұлдана Қалдарханқызының анасы Сәлима Ешанқұловамын. Көпшіліктің сұрауы бойынша алдарыңызға шығып отырмын. Әділеттің бүгінгі іс-әрекеті бойынша "алдарыңыздан өтті ме?" деп сұрап жатыр. Алдымыздан өткен жоқ. Ата-анасы да, үлкендері де алдымыздан өткен жоқ. Тағы айта кететін жағдай, қызымның қазасына қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Әділет іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған, енді оның бұл мәртебеден бас тартқанын қалаймын", - деді ол.

Сондай-ақ, фельдшердің қазасына қатысты қылмыстық іс аяқталу сатысында екені, ал отбасы тергеу материалдарымен танысып жатқаны айтылған.

Әйел қызының заңды мүддесін қорғауды және тергеуге қатысты бірқатар құқықтық мәселе бойынша уәкілетті органдарға жүгінуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Сәлима Ешанқұлова Ұлдана қайтыс болғаннан кейін оның мүлкі қалай бөлінгеніне де тоқталды. Оның айтуынша, қызының 17 жасынан бастап жинаған зейнетақы жинағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес күйеуіне берілген. Ал көлік марқұмның ата-анасына өтуге тиіс болған. Әйелдің айтуынша, көлік Ұлдана қайтыс болғаннан кейін сегіз айдан аса уақыт бойы Әділет Зейнелде болған және тек 22 шілдеде ата-анасына қайта рәсімделген.

"Қызымның өз еңбегімен алған көлігі және 17 жасынан бастап жинаған зейнетақы жинағы болатын. Заң бойынша зейнетақы қаражаты Әділетке берілді, ал көлік ата-анасына қалды. Алайда 18 қарашадан 22 шілдеге дейін көлік Әділетте болды, содан кейін ғана бізге рәсімделді", - деді Сәлима Ешанқұлова.

Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.

23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші құлаған.

Ауыр жарақат алған Ұлдана ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.

Осы оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы ("Сапасыз құрылыс") бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейінірек тергеу ҚК-нің 306-бабы ("Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету") бойынша да жүргізіле бастады.

Ұлдана Мырзуан мен дәрігер-реабилитолог Әділет Зейнел 2025 жылы 30 қыркүйекте, яғни қайғылы оқиғаға дейін шамамен бір жарым ай бұрын үйленген.

Жұбайы қайтыс болғаннан кейін Әділет Зейнел әлеуметтік желілерде қоштасу хатын жариялап, онда өздерінің қарым-қатынасы туралы айтқан еді. Ал жақында әлеуметтік желіде Таразда өтті делінген ұзату тойының суреттері тарады.

TikTok/@stan.kz

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!