Мәжіліс кулуарында журналистер Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан Қазақстанда жеке тұлғалардың қайырымдылық үшін қаражат жинауына тыйым салуы мүмкін бе деген сұрақ қойды. Министрдің айтуынша, бұл мәселеге қатысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аида Балаева қазіргі уақытта бұл мәселе талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылған. Министрдің сөзінше, қазір ұсыныстар жиналып, сарапшылардың пікірлері қарастырылып жатыр.
"Нақты шешімдер әлі қабылданған жоқ. Біз ұсыныстарды жинап, сарапшылардың пікірлерін зерттеп жатырмыз. Мұндай бастамалар тек жайдан-жай қабылданбайды, себебі кейде алаяқтық пен заңсыз әрекеттердің орын алуы мүмкін. Осыған байланысты қайырымдылық көмектің механизмін жетілдіру мәселесі қарастырылып жатыр. Мен бұл жұмыс тобына сіздерді белсенді қатысып, ұсыныстарыңызды енгізуге шақырамын. Әзірге нақты шешім жоқ", - деді министр.
Министр жұмыс тобында мобильді және банктік аударымдарды қалай бөлу жоспарланып отырғанын нақтыламады, бірақ бұл мәселенің талқыланғанын атап өтті. Яғни мобильді қосымшалар арқылы және банктер арқылы жасалған аударымдарды ажыратудың нақты механизмі әзірше белгісіз, алайда бұл бағытта әртүрлі ұсыныстар мен тәсілдер қарастырылып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!