Бүгін Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық "Халифа Алтай" мешітінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан үш жүзге тарта ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берілді.
"Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Бүгін қасиетті мерекеде "Халифа Алтай" орталық мешітінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан көпшілікке арнап ауызашар беріп отырмыз. Баршаңызға күш-жігер, жарқын көңіл, зор денсаулық, табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бірлігіміз бен берекеміз арта берсін", - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімі Ермек Көшербаев.
Ауызашарға өңірдің зиялы қауім өкілдері, қоғам қайраткерлері, түрлі салада еңбек еткен ардагерлер, еңбек адамдары және жастар қатысты.
Облыстық мешіттің бас имамы Ермек қажы Мұқатай он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айының қадір-қасиеті, ұрпақ тәрбиесіндегі дәстүрлі дініміздің алар орны жайында сөз қозғап, жамағатқа ауыз аштырып жатқан ел ағаларына ризашылығын білдірді.
Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев және басқа да зиялы қауым өкілдері бұл кеште ел бірлігі, ұлт тұтастығы жөнінде салиқалы ой өрбітті.
Сонымен қатар, Қайырымдылық күні аясында Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылында алты көпбалалы отбасыға және Қарабұлақ ауылында жеті отбасыға жаңа баспананың кілті табысталды.
Жалпы ауданда "Бірқабатты Шығыс" бағдарламасы бойынша қырық екі тұрғын үй салынған. Бұл игі істі жүзеге асыру ары қарай да жалғасын таппақ.
Облыс орталығы Өскемен қаласында "Дәстүр мен ғұрып" жобасы аясында және Наурызнама мерекесіне орай қазақ халқының ұлттық бренді – бауырсақтың түрлерін насихаттау мақсатында "Ақ бауырсақ" мерекесі мен "Бауырсақ-FEST" фестивалі ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, қаладағы колледж студенттері Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының жанындағы алаңды ретке келтірді.
Tazalike акциясы шеңберінде студенттер орталық жанындағы алаңда қар мен қоқысты жинауға белсене ат салысты. Жобаны Шығыс Қазақстан облысының "Аманат" партиясы жанындағы "Жастар рухы" жастар қанатының филиалы ұйымдастырды.
Материалды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз