Алматыда «Алтын жүрек-2015» сыйлығының лауреаттары белгілі болды.
Бұл марапат білім, денсаулық сақтау, спорт және өзге салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтарға осымен тоғызыншы жыл қатарынан беріліп келеді. Қайырымдылық жобасы Орталық Азиядағы ең беделді сыйлық болып есептеледі.
Биыл барлығы 12 млрд теңгеге қайырымдылық істер атқарылыпты. Еліміздегі ірі компаниялар мен жекелеген азаматтар, сондай-ақ еріктілердің көмегімен 6 спорттық мектеп, 5 балабақша салынды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектепке дейінгі білім беру орталығы мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балғындарына арналған лагерьлер жөндеуден өтті.
Мұнан бөлек, 5 емхана құрал-жабдықтармен қамтылып, жағдайы нашар отбасынан шыққан мың бала оқуға дайындалды. Қайырлы іс жасаған қолы ашық азаматтар «Қазақстанның дамуына үлес қосқаны үшін», «Жыл меценаты», «Жыл кәсіпорны» және «Ақпараттық қолдау» аталымдары бойынша марапатталды.
Жұлдыз Омарбекова, ұйымдастыру комитетінің төрайымы:
- Біз қазір халықаралық қайырымдылық рейтингте 121-орыннан 101-орынға шықтық, 5-6 жылда ондыққа кіреміз деп үміттенемін және де Қазақстанда жетімдер мен жесірлер азайып, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайы жақсарады деп үміттенемін.
Дереккөз: 24.kz