Ақтөбе полициясы ішімдікке құмар отбасында қайтыс болған бір жасар балаға қатысты істі тергеп жатыр. Ресми сараптамаға сәйкес, сәби жүрек жеткіліксіздігіне байланысты қайтыс болған. Бірақ көршілері мен еріктілер қорқынышты мәліметтерді айтты. Бір жасар бала мен оның төрт жасар ағасын ішімдікке құмар ана тәрбиелеген. Көршілерінің айтуынша, ол балаларды тамақтандырмаған. Бала тек сумен және қантпен қоректенген. Тіпті оны туыстары емес, ешқандай жақындығы жоқ адамдар жерлеген. Ал қамқоршылық органдары мен полиция бұл отбасындағы жағдайды білген, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Бұл мәселені бірінші болып көршілері айтқан. Олардың сөзінше, балалардың анасы бұл үйге шамамен 6 жыл бұрын көшкен. Ол үнемі ішіп жүретін болған, әйел ата-анасымен бірге ішіп жүрген. Бұл туралы олардың көршісі Анастасия Муромцева айтты. 2018 жылы әйел дүниеге бала әкелген, 3 жылдан кейін тағы біреуін босанған. Бірақ әйел балаларына қарамаған.
"Ол үйге бардым, бәрі ұйықтап жатыр, кішкентайы арбада отырады. Неше күннен бері жөргегі ауыстырылмағанын білмеймін. Көзі ғана қалған, қу сүйек. Учаскеге қоңырау шалдым, ол келді, біз де кірдік", - дейді көршісі.
Көршілер бірнеше рет қамқоршылық пен полиция шақырғанын еске алды. Бірақ олар жауап бермеген. Былтыр қазанда көршілер еріктілерден көмек сұраған. Еріктілер көргенінен есеңгіреп қалған.
"Ол балаларды тамақтандырмаған. Әйел балаға тәтті су берген. Біз қоспа дайындап, тамақтандыра бастадық, Мен тамақтандырсам, қолымнан бөтелкені жұлып ала бастады. Үлкенінен тамақ ішіп-ішпегенін сұрадық, ол үнемі "жоқ" дейтін. Балалар арық, көзі көгерген болды", - "Жақсылық" еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Екатерина Голотина.
Бұл отбасындағы бір жасар бала 23 ақпанда қайтыс болды. Анасының айтуынша, пневмонияға байланысты қайтыс болған. Бірақ жүргізілген сараптама баланың жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болғанын көрсетті. Полиция соталды тергеуді бастады.
"Бұл дерек бойынша баланың анасына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша соталды тергеу жүргізіледі. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде өзге де ақпарат жарияланбайды", - деді Полиция департаменті өкілі.
Кішкентай Вова төртінші күні ғана жерленген. Жерлеуді еріктілер мен жақын маңдағы үйлердің тұрғындары өз мойнына алған. Куәгерлер анасы зиратқа келмегенін айтады. Сонымен қатар, көршілері қорқынышты деректі айтты. Бұл отбасында екінші рет кішкентай бала қайтыс болып тұр екен.
"Бесеу болды (бала саны - еск.). Үлкенінің мүмкіндігі шектеулі, ол "Үмітте", екіншісі - Максим, ол Яйсанда, содан кейін үшінші бала, бір жарым ай болды, ол қайтыс болды, ол да ауырды, ал әйел ішіп жүрді. Содан кейін Леша, ол балалар үйінде, міне, енді кішкентайы, ол - бесіншісі", - дейді көршісі.
Білім бөлімі әйел төрт балаға ата-ана құқығынан айырылғанын, бірақ әкесінде ешқандай шектеулер жоқ екенін айтты. Сондықтан бұл отбасына балаларды алып кетуге рұқсат етілген.
"Құжаттары дұрыс болды, әкесі еш жерде есепке алынбаған, сотталмады, ресми жұмыс істеді, тұрақты тұрғылықты жері болды", - дейді білім бөлімінің бас маманы Мирас Тұрғамбаев.
Бір жасар Вова қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ағасы балаларды оңалту орталығына жіберілген.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жантүршігерлік оқиға болғаны хабарланған еді. Волонтерлер ішімдік ішетін отбасының үйіне барып, 1 жасар бала қайтыс болғанын, оның қасындағы 4 жасар ағасының аш құрсақ жүргенін, сонымен бірге мас ересектерді көрген. Үйдің астан-кестені шыққан, ішерге тамақ болмаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!