"Қайтқан адамдарды сөз қылмайды, бірақ мәжбүрміз". Депутаттар Болат Назарбаевқа қатысты бір істі көтерді

"Қайтқан адамдарды сөз қылмайды, бірақ мәжбүрміз". Депутаттар Болат Назарбаевқа қатысты бір істі көтерді
Фото: saliqaly.kz

Мәжіліс депутаты, "Ақжол" партиясының төрағасы Азат Перуашев бұрынғы президенттің туған інісі, марқұм Болат Назарбаевтың рейдерлік жолмен бизнесті күшпен тартып алу ісіне қатысы бар болуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

"Біздің шенеуніктер табысты бизнесті жоюдың немесе күшпен басып алудың жаңа әдістерін ойлап тауып жатыр. Мысалы, бізге 2019 жылы Түркістан облысындағы "Алтын-Бұлақ" шипажайы қарамағындағы гольф клубын сатып алған СТС ЖШС жүгінді. Кәсіпорынның бұрынғы иесі бұл нысандарды 2017 жылы Қаржы министрлігінің ашық аукционында сатып алған.

Жаңа қожайындар шипажайды қайта жөндеуден өткізіп, оған 4,5 миллиард теңгеден аса қаржы құйған. Алайда былтыр аудандық жер қатынастары бөлімі Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2003 жылғы (яғни 20 жылдан кейін) санаторий, гольф клубы және іргелес резиденцияны салуға жер телімдерін бөлу туралы қаулысын жарамсыз деп тану жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген", - деді депутат.

Азат Перуашев бұл іске марқұм Болат Назарбаевтың қатысы бар деп санайды.

"(Кәсіпкерлердің - еск.) авторлардың айтуынша, шипажайдың жанындағы резиденцияны сатып алып, аудандық бөлім сотқа шағым түсіргеннен кейін оларды Болат Назарбаев басқа ЖШС-ға сатып жіберген. Әдетте өмірден қайтқан адамдарды сөз қылмайды. Бірақ бұл жерде біз оны айтуға мәжбүрміз", - деді ол.

Биыл соттар талап арызды қанағаттандырған.

"Осылайша, бизнестің жеке меншігін тәркілеп, ескіру мерзімін де, адал сатып алушының заңды құқығын да, заң алдындағы теңдік принципін де елемеді. Алайда сот бір нысанға (2022 жылы Болат Назарбаев басқа ЖШС-ға шұғыл аударып жіберген резиденция) қатысты істі тоқтатып, бітімгерлік келісімді бекітті. Бұл ретте сот заң бұзылмаған деп санаса керек. Алайда жер телімдерінің барлығы (санаторий, гольф-клуб пен резиденция үшін) бірыңғай тәртіппен бөлініп, құрылыстар салынды", - деді депутат.

Азат Перуашев осылайша бизнес заңсыз жолмен өзгенің бақылауына өткенін айтты.

"Бұл әрекеттің бәрі "ескі Қазақстанмен күрес" деген желеумен жүргізіліп жатыр. Бұрынғы дәуір символының бірі қайтыс болғаннан кейін де жеңімпаз болды. Алайда нарық жағдайында жұмыс істеген адал кәсіпкер тағы да бизнесі мен құйған инвестициясынан айырылып отыр. Бұл біртүрлі қызық күрес болып тұр. "Ақ жол" фракциясы авторлардың уәжін мұқият зерделеу үшін кәсіпкерлердің өтінішін Бас прокурорға жолдайды", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін депутат Айдос Сарым Болат Назарбаевтың қызына тиесілі компанияға тексеріс жүргізуді сұрағаны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz