Жетісу облысы Рудничный ауылындағы апат жағдайда тұрған мектептің орнына жаңа ғимарат салуға 2,6 млрд теңге бөлінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң шеңберінде арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Жетісу облысы Рудничный ауылында апат жағдайындағы мектептің орнына жаңа ғимарат салынады. Үкімет бұл жобаны жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
1969 жылы салынған орта мектептің ескі ғимаратында 140-тан аса бала білім алып жатыр. 55 жылдан бері білім ошағына ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазір мектеп апатты жағдайда: су және кәріз құбырлары тозған, жылу жүйесі зақымданған. Ғимараттың физикалық тозу деңгейі 40% болады. Жаңа мектеп 200 орынға есептелген, 30 орындық шағын дайындық орталығы болады. Рудничный ауылында барлығы 1 мыңнан аса адам тұрады, оның 241-і мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар.
Бұған дейін Үкімет Петропавлда балабақша, Атырау облысындағы Жамансор ауылында және Ұлытау облысының Мыңадыр стансасында мектеп, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін салуға, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға және басқа да жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлген болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!