Үкімет Ұлытау өңірінде жаңа мектеп салу үшін қайтарылған активтерден 1,4 млрд теңгеден аса қаржы бөлді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық мектеп салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Білім беру нысаны Вокзал шағын ауданында салынады.
"Бүгінде шағын ауданда тұратын балалардың басым бөлігі қаланың басқа аудандарындағы мектептерде білім алып жатыр. Олар екі ауысымда автобуспен тасымалданады. Жаңа білім ошағының құрылысы балаларды заман талабына сай оқытуға қолайлы жағдай жасайды", - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шамамен 56,6 млрд теңге бөлді.
Олардың қатарында Атырау облысының Жамансор, Жетісу облысының Рудничный және Көксай ауылындағы мектептер, Түркістан облысының Темірлан ауылындағы музыкалық мектеп, Ақмола облысының Зеренді ауылындағы спорт кешені, Риддердегі көпсалалы аурухана кешені, Шымкенттегі жатақхана және Ақтөбе мен Петропавлдағы 2 балабақша бар.
Бұдан бөлек, "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешені, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова