Қайтарылған активтер есебінен Ақмола облысына 1,4 млрд теңге бөлінді

Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңге бөлінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет бөлген қаржы Бурабай ауданы мен Щучинск қаласында төрт инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға жұмсалады. Атап айтқанда, Қатаркөл көлінің маңындағы балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңғыртылып, коммуналдық қызмет көрсету сапасы жақсартылады.

Сондай-ақ Щучинск қаласында магистральдық су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту, су бұру нысандарын жөндеу және кварталішілік кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, жобаларды жүзеге асыру инженерлік желілердің тозуын азайтып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды коммуналдық жүйелерге қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, 2024–2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 610 млрд теңгеден асатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның 267-сі су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!