Қайтарылған активтер есебінен 2,7 млрд теңге бөлінді: қаржы қайда жұмсалады?

Үкімет қайтарылған заңсыз активтер есебінен Солтүстік Қазақстан облысындағы сумен жабдықтау жобаларын аяқтауға 2,7 млрд теңге бөлді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаражат Преснов және Соколов топтық су құбырларын реконструкциялау жұмыстарын аяқтауға бағытталады. Бұл жобалар өңірдегі ондаған ауылдың тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, Преснов топтық су құбырын жаңғырту нәтижесінде Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесі жақсарады. Аталған ауылдарда бүгінде 34,5 мыңға жуық адам тұрады.

Қазіргі уақытта жоба аясында 171 шақырым магистральдық су құбыры мен тарату желілері, сондай-ақ 46 шақырым ауылішілік су желілері тартылған.

Ал Соколов топтық су құбырын реконструкциялау Қызылжар ауданындағы 10 ауылды қамтиды. Бұл елді мекендерде 4 мыңнан астам тұрғын тұрады.

Жоба бойынша 59 шақырым тарату желісі мен 77 шақырым ауылішілік су желісін салу көзделген.

Жауапты органдардың мәліметінше, Преснов және Соколов су құбырларын пайдалануға беру 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.

Айта кетейік, соңғы уақытта қайтарылған активтер қаражаты әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталып келеді. Соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларындағы жобаларға басымдық берілуде.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!