Үкімет қайтарылған заңсыз активтер есебінен Солтүстік Қазақстан облысындағы сумен жабдықтау жобаларын аяқтауға 2,7 млрд теңге бөлді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржы қайда жұмсалады?
Қаражат Преснов және Соколов топтық су құбырларын реконструкциялау жұмыстарын аяқтауға бағытталады. Бұл жобалар өңірдегі ондаған ауылдың тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Преснов топтық су құбырын жаңғырту нәтижесінде Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесі жақсарады. Бұл ауылдарда бүгінде 34,5 мыңға жуық адам тұрады. Қазір жоба аясында 171 шақырым магистраль су құбыры мен тарату желілері, сондай-ақ, 46 шақырым ауылішілік су желілері тартылған", - деп жазылған хабарламада.
Ал Соколов топтық су құбырын реконструкциялау Қызылжар ауданындағы 10 ауылды қамтиды. Бұл елді мекендерде 4 мыңнан аса тұрғын тұрады.
Жоба бойынша 59 шақырым тарату желісі мен 77 шақырым ауылішілік су желісін салу көзделген.
Қашан қолданысқа беріледі?
Жауапты органдардың мәліметінше, Преснов және Соколов су құбырларын 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Айта кетейік, кейінгі уақытта қайтарылған активтер әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталып келеді. Соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларындағы жобаларға басымдық беріледі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова