Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңге бөлінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет бөлген қаржы Бурабай ауданы мен Щучинск қаласында төрт жобаны іске асыруға жұмсалады. Қатаркөл көлі маңындағы балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңғыртылып, коммуналдық қызмет көрсету сапасы жақсарады.
Сондай-ақ, Щучинск қаласында магистральдық су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту, су бұру нысандарын жөндеу және кварталішілік кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, жобаларды жүзеге асыру инженерлік желілердің тозу деңгейін азайтып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды коммуналдық жүйелерге қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, 2024-2026 жылдары арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 610 млрд теңгеден асатын 500-ден аса әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның 267-сі су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!