Қайтарылған активтер: 1 млрд теңгеден аса қаржы қайда жұмсалады?

Қайтарылған активтер: 1 млрд теңгеден аса қаржы қайда жұмсалады?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау жүйесін салуға 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет заңсыз иемденілген активтерді қайтару арқылы әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарын салып жатыр.

Қосшыдағы жоба туралы

Ақмола облысындағы Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылданған. Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 млн теңге бөлінген. Жобаны іске асыру нәтижесінде халық 100% орталықтандырылған сумен қамтылады.

"Қазір шамамен 50 шақырым құбыр тартылған. Жалпы желілердің ұзындығы 64,1 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген. Қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген. Ал ресми деректерге сәйкес бүгінде Қосшыда 50 мыңнан аса адам тіркелген. Қаланың бас жоспарына сәйкес 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деп болжанып отыр", - деп жазылған хабарламада.

Макинск қаласындағы жоба

Макинск қаласында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша 72,7 шақырым желі тарту қарастырылған. Бұған дейін бөлінген қаражат есебінен 45 шақырым бойынша жұмыс аяқталған. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606,4 млн теңге жобаны толық аяқтап, халқы 18 мыңнан асатын қаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қандай активтер қайтарылды?

Айта кетейік, бүгінгі таңда Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту сияқты салалардағы 280-ге жуық жобаны іске асыруға қаражат бөлінген.

Бас прокуратура мәліметінше, бүгінде мемлекет пайдасына жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылған, оның ішінде 506 млрд теңгесі – ақшалай қаражат, 103 млрд теңгесі – мүлік.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget