- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қайталанбайтын этносуреткер". Жетпіс...
"Қайталанбайтын этносуреткер". Жетпіс жастағы ақсақалдың салған суреттерін шетелдік туристер таласа сатып алған
Тілек Халин Атырау облысының Индер ауданына қарасты Бөдене ауылында тұрады. Бекзат өнерді ауылдың қоңырқай тірлігімен біте қайнастырып отырған суретші ұзақ жыл ұстаздық етіп, туған ауылында көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аядай ғана ауылдан галереясы ашылған суретші 100-ден аса картинаның авторы. Бірнеше рет облыстық, республикалық суретшілер конкурсында жүлделерді иеленген ақсақалдың жетпіске келсе де қолынан қылқаламы түспеген.
Өнердегі әріптестері "Қайталанбайтын этносуреткер" деп бағалаған Тілек Халиннің бірнеше рет сурет көрмесі де ұйымдастырылды.
"Бүгінде марқұм болған суретші бауырымыз Әділқайыр Жантасов "Аджип" компаниясының базасында менің көрмемді ұйымдастырды. Бір аптаға созылған көрме кезінде оннан астам картинам шетелдерге сатылып кетті. Кейін білдім, картиналарды әрісі Германия, Италия, Жапония, берісі Түркия, Польша елдерінен келген азаматтар сатып алған екен. Шетел асқан картиналарымның көп бөлігі тарих тақырыбына арналған. Олардың ішінде "Абылайхан туралы аңыз" деп аталатын алып картинам, табиғат ғаламаттарын бейнелейтін дүниелерім бар", – деді Тілек Халин.
Ауыл өмірі, қазақ мәдениеті, қазақтың тарихы, адамның жан дүниесі тақырыптарында картиналар салып жүрген суретшінің біраз еңбектері бүгінде шетел асып кеткен.
"Менің ойымша, әр суретшінің өзіндік жолы, қолтаңбасы болуы керек. Осы уақытқа дейін белгілі бір суретшіге еліктемедім. Табиғаттан, дала үнінен қуат алдым. Мен даланың баласымын. Туған ауылымнан жыраққа кетпей, күні бүгінге дейін Бөденеден қоныс аудармай отыруымның мәні де сонда", – деді Тілек Халин.
Баян Жанұзақова
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы