Қайрат Төребаев Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Қайрат Қалмұқаметұлы Төребаев Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Қайрат Төребаев - халықаралық экономист мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Берн қаласының Дүниежүзілік сауда институтында Халықаралық құқық және экономика магистрі дәрежесін алды.
Еңбек жолын 1997 жылы бастаған және 2001 жылға дейін жеке құрылымдарда жұмыс істеген.
Мемлекеттік қызметті 2001 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің валюта-қаржы департаменті жоспарлау бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.
2001 жылғы шілдеден 2009 жылғы қазанға дейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы елшілігінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
2011 жылы Азия Даму Банкінің Орталық Азия өңірлік ынтымақтастық бағдарламасының үйлестірушісі болып жұмыс істеді.
2012 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сыртқы экономикалық саясат департаментінің бірінші хатшысы ретінде мемлекеттік қызметке оралды.
2012 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы экономикалық даму және сауда министрі хатшылығының кеңесшісі болып тағайындалды.
2013 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, одан кейін 2013 жылғы сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып тағайындалды.
2014 жылғы қазаннан 2019 жылғы маусымға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып жұмыс істеді.
2019 жылғы маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып жұмыс істеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!