Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бахтияр Байсейітовке іздеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қаратау" ЖШС ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ еншілес ұйымы) және Iri building ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты 2019-2021 жылдар аралығында Қаратау кенішінде (Түркістан облысы Созақ ауданы) қызмет көрсету кезінде ақша ұрлау дерегі бойынша соталды тергеуді жалғастырып жатыр.
"Тергеу барысында Байсейітов Қайрат Сатыбалдыұлымен туыс болуын қолданып, бақылауындағы компанияны Iri building ЖШС лоббилендіріп отырғаны анықталды. "Қаратау" ЖШС кәсіпорны мен квазимемлекеттік сектор субъектісімен 2019 жылы "Қаратау" кеніші бойынша 6,2 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстарына шарт жасасты", - делінген хабарламада.
Бахтияр Байсейітов Iri building ЖШС қызметін тікелей басқарып, объектінің құрылысына түсетін қаржыны бөліп отырған. Бұл ретте жабдықтың бір бөлігі жеткізілмей, ал оған арналған қаржы заңсыз шығарылып ұрланған. Мемлекетке келтірілген залал 320 миллион теңгеден асты.
"Қазір Байсейітов Қазақстаннан тыс жерде. Оның заңсыз әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланып, оған іздеу жарияланды. Бұл адамның өзге де қылмыстар жасауға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - делінген хабараламада.
Оның тұрақтаған жері туралы ақпараты бар тұлғалардан Агенттікке көрсетілген телефондар бойынша хабарласу сұралды: Call Center 1424, +7 (7172) 909 260. Ақпарат бергені үшін сыйақы қарастырылған. Құпиялылыққа кепілдік беріледі!
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!