Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдыұлына бұрын тиесілі болған Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүй кешені қайтадан саудаға шығарылды. Қонақүй қаншаға бағаланып отыр және ол қалай мемлекет меншігіне өтті? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Қонақүй Алматы қаласының қақ ортасында, Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан.
Бұл – жалпы аумағы 16 мың шаршы метр, 11 қабатты заманауи кешен. Ғимараттың сыртқы келбеті геометриялық пішіндегі әйнек қасбетімен және заманауи сәулет элементтерімен ерекшеленеді.
Қонақүйдің ішкі көрінісі премиум минимализм үлгісінде безендірілген. Мұнда кең әрі жарық бөлмелер, айналаны шолуға мүмкіндік беретін үлкен терезелер, ағаштан жасалған сәндік бөлшектер, мәрмәр едендер мен қарапайым әрі талғамды декор үйлесім тапқан.
Кешенде үлкен терезелері бар қонақ бөлмелері, жабық бассейн мен демалуға арналған орындықтар қойылған аква және SPA аймағы, фитнес орталығы, бірнеше мейрамхана мен бар, сондай-ақ, іскерлік іс-шаралар өткізуге арналған конференц-залдар бар.
Қонақүйдің бастапқы сату бағасы 12 759 410 000 теңге болып белгіленген. Ал баланс құны 4,7 миллиард теңгеге жетті.
Сатыбалдыұлына бұрын тиесілі болған қонақүй алғаш рет сатылымға шығарылып отырған жоқ. Алғашқы аукцион 25 қыркүйек күні сағат 10:00-ге жоспарланған болатын. Ол да бағаны көтеру тәсілімен өтуге тиіс еді. Алайда аукционға қатысуға ешкім ниет білдірмегендіктен, сауда өтпеді деп танылды.
DoubleTree by Hilton қонақүйінің ғимараты сыйға тарту шарты негізінде мемлекет меншігіне өткен. Тиісті келісімге 2023 жылғы 18 қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлы мен Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік департаменті қол қойған.
Бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді. 2022 жылы ол алты жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мен сот мәліметінше, экс-президенттің жиені "Қазақтелеком" акционерлік қоғамына 12 миллиард теңгеден аса шығын келтірген. Сонымен қатар, іс Көлік сервисі орталығының мүлкін жымқыруға да қатысты болды.
2023 жылы өзге қылмыстық эпизодтар бойынша тергеу жалғасты. Сол жылдың қаңтарында Сатыбалдыұлы ақшаны жылыстатқаны үшін кінәсін мойындады. Тергеу нәтижесінде оның бірқатар ірі активі тәркіленіп, мемлекет меншігіне берілді.
Солардың қатарында DoubleTree by Hilton қонақүйінің ғимараты да болды. Ол кезде нысанның құны 6,49 миллиард теңгеге бағаланған.
Бұған дейін Мәжілістің бұрынғы депутаты Ермұрат Бәпи Алматыдағы Hilton қонақүйін күшпен тартып алу әрекеті болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Оның айтуынша, меншік иелерінің мүлкі алынып, қызметкерлерден ғимараттан шығу талап етілген. Бәпидің сөзінше, мұның бәрі қонақүйде тоқтаған шетелдік меймандардың көз алдында болған. Экс-депутат бұл жағдайды "ескі Қазақстанның сарқыншағы" деп атады.
Сонымен қатар, Бәпи қонақүйдің бағалануына күмән келтірді. Оның мәліметінше, нысан 4,5 миллиард теңгеге бағаланған. Алайда нарықтағы шынайы құны 12 миллиард теңгеге жетуі мүмкін болған.
Бұрынғы депутат қонақүйді аукцион арқылы нарықтағы құнынан әлдеқайда арзан бағаға сату көзделген болуы мүмкін деген болжам айтты.
Осыған байланысты Ермұрат Бәпи Бас прокуратураға жүгініп, болған жағдайдың заңдылығын тексеруді және оған қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.
Қазақстанның бұрынғы президентінің жиенінен алынған активтердің қатарында Алматыдағы құны 7,9 миллиард теңгеден асатын Kaisar Tower бизнес орталығы бар. Бұл ғимарат университетке берілген.
Сондай-ақ, құны 800 миллион теңгеден асатын әкімшілік ғимарат Жүргенов атындағы Өнер академиясының қарамағына өтті.
Астанада жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын үш зәулім үй мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталыққа берілді.
Бұдан бөлек, Сатыбалдыұлынан мынадай нысандар тәркіленді:
Сонымен қатар, шетелдегі активтер де Қазақстанға қайтарылды. Олардың қатарында ақша қаражаты, жылжымайтын мүлік және бағалы қағаздар бар. Аустрия, Лихтенштейн, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерден ондаған миллиард теңгенің активі елге қайтарылған.
Атап айтқанда, Дубайдағы құны шамамен 20 миллиард теңге болатын екі вилла, Францияның Лазур жағалауындағы 4 миллиард теңгеге бағаланған төрт элиталық пәтер, Мәскеудегі шамамен 5 миллиард теңге тұратын 15 жылжымайтын мүлік нысаны, сондай-ақ, Түркияның Бодрум және Ыстанбұл қалаларындағы жалпы құны 4 миллиард теңгеден асатын екі вилла мен пәтерлер бар.
Еске салайық, тамызда Алматыдағы "Байсат" базары бірнеше сәтсіз әрекеттен кейін ақыры сатылды. Бұған дейін базар Қайрат Сатыбалдыұлының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі болған.
2024 жылы базардың басым бөлігін Қайрат Сатыбалдыұлының өзі мемлекетке берген. Ал қалған бір бөлігі кейін сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз