Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлынан тәркіленген Kaisar Plaza бизнес орталығы тағы да аукционда сатылмады. Тоғыз қабатты элиталық кешеннің құны бастапқымен салыстырғанда қазірдің өзінде 14 миллиард теңгеге төмендетілгеніне қарамастан, нысанды сатып алушы табылмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Kaisar Plaza-ны төртінші ай қатарынан сатуға тырысып жатыр. Сәуірде бизнес орталық 61,5 миллиард теңгеге саудаланған болатын. Маусымда бағасы 54 миллиардқа дейін түсті. Бірақ ол кезде де лот өтпеді.
Баға тағы 7 миллиард теңгеге төмендетілгеннен кейін де сатып алушылар тарапынан қызығушылық байқалмады, сауда-саттыққа бірде-бір қатысушы тіркелген жоқ.
Бағалау есебіне сәйкес ғимараттың нарықтағы құны - 44,7 миллиард теңге, ал оның астындағы жер телімін жалдау құқығы - 2,8 миллиард теңге.
Айта кетейік, саудаға шығарылған нысан - Алматыда 2017 жылы салынған 9 қабатты сауда-кеңсе орталығы. Ол Желтоқсан көшесі, 115-үй мекенжайында орналасқан.
Құжаттар бойынша ғимараттың жалпы ауданы 64 мың шаршы метрге жуық (63 920 ш.м). Ол мемлекеттен 2031 жылға дейін жалға алынған 0,7 гектар аумақта орналасқан.
Орталықтың өзі бос тұрған жоқ, қазір оны уақытша сенімгерлік компания басқарады, бұл жерді 53 кәсіпкер жалға алып отыр.
Қайрат Сатыбалдыұлы - экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Ол ҰҚК-да басшылық лауазымдар атқарған, елорда әкімінің орынбасары, Kazakh Oil және "Қазақстан темір жолы" компанияларында топ-менеджер болған, ал 2015 жылдан бастап ресми түрде бизнеске кеткен.
Ол 2022 жылы "Қазақтелеком" және "Көліктік сервис орталығы" компанияларындағы жымқыру дерегі бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылды. Кейінірек оған қаражатты заңдастыру (жылыстату) дерегі бойынша жаңа қылмыстық іс қозғалып, ол өз кінәсін толық мойындады.
Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу үшін Сатыбалдыұлы өз активтерін жаппай қайтара бастады. 2024-2026 жылдары ол қайтарған мүліктің жалпы құны 730 миллиард теңгеден асты. Осы жылжымайтын мүліктердің арасында Kaisar Plaza бизнес орталығы да бар. Сол кезде ол 33,5 миллиард теңгеге бағаланған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!