Алматыда тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған қонақүй қайта сатылымға шығарылды. Бірақ бұл жолы оның бағасы бірнеше есе көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
e-Qazyna.kz электрон сауда порталында Қайрат Сатыбалдыұлы бұған дейін мемлекетке өткізген DoubleTree by Hilton қонақүйі үшінші рет сатылымға шығарылды. Ол - Алматының қақ ортасында, Досмұхамедов көшесінде орналасқан заманауи 11 қабатты кешен.
Қонақүйде қалаға көрініс ашылатын бөлмелер, жабық бассейні мен демалуға арналған шезлонгтары бар SPA орталық, фитнес орталық, мейрамханалар, іскерлік кездесулер мен іс-шараларға арналған конференц залдар бар.
Бұл жолы бастапқы баға үш есе шарықтап кеткен. Алғашында, 25 қыркүйекте бағаны көтеру әдісімен өтетін аукционда қонақүй 12,7 миллиард теңгеге сатуға шығарылды. Алайда бірде-бір өтініш түспегендіктен, сауда өтпеді деп танылды.
Екіншісі 13 қазанда өтті. Нысан тағы да 12,7 миллиард теңгеге сатылымға шығарылды. Бірақ оны тағы да ешкім сатып алмады. Енді бастапқы меже 38 278 230 000 теңгеге дейін көтерілді, бұл бастапқы құнынан үш есе жоғары. Сауда 29 қазанда сағат 10:00-де өтеді.
Айта кетейік, DoubleTree by Hilton қонақүйі Қайрат Сатыбалдыұлының активтерімен байланыстырылады. Бұған дейін Алматы қалалық мемлекеттік мүлік департаменті қонақүй 2023 жылғы 18 қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлы мен ведомство арасында жасалған сыйға тарту шарты аясында мемлекет меншігіне өткенін хабарлаған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!