Сот Қайрат Сатыбалдының түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін, 16 тамызда Өскемен соты Қайрат Сатыбалдыны түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына (3 жыл 3 ай) ауыстырды.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылғы наурызда қамауға алынды. Ол "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған еді.
Ол жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілдетуді өтініп, заңның барлық талабын орындағанын айтқан.
Сатыбалды өзінің үлгілі мінездемесін ұсынып, үкім бойынша залалдың орнын толтырғанын, сондай-ақ жалпы сомасы 700 миллиард теңгеден астам мүлікті және өзге де қаражатты өз еркімен мемлекетке қайтарғанын айтты.
Түзеу мекемесінің өкілі де сотталушының өтінішхатын қолдады.
Ал прокурор Сатыбалдының өтінішхатын қанағаттандыруды сұрады.
Сатыбалды орташа ауыр қылмыс және ауыр қылмыс жасаған. Ол жазаның 1/3 бөлігінен көбін өтеген.
"Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот сотталушының өтінішхатын қанағаттандырды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырды", - делінген үкімде.
Сатыбалдыға пробациялық бақылау белгіленді. Сотталушы жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз