14 миллион АҚШ доллары мемлекет кірісіне қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру аясында елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен иемденген қаражатты және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдап жатыр.
Биыл мамырдың аяғына қарай сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ететін Бас прокуратурамен бірлесіп, Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 миллион АҚШ долларын қайтарды.
Бұл қаражат мемлекет кірісіне айналдырылып, әлеуметтік мақсаттарда пайдаланылатын болады.
Қылмыстық қудалау басталғаннан бері мемлекетке заңсыз сатып алынған Қайрат Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардың 464 миллиард теңгеден аса сомаға мүліктік активтері мен ақшалай қаражаттары қайтарылды.
Оларға әкімшілік ғимараттар, эксклюзив зергерлік бұйымдар, сәнді көліктер, қолма-қол ақша, акциялар мен компаниялардың үлестері, сондай-ақ, теміржол кіреді.
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!