Бас прокуратура Қайрат Сатыбалдыұлымен үлестес компаниялар автожолға бөлінген қаражатты басқа мақсаттарға, оның ішінде кредитке ақы төлеуге жұмсағанын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
26 сәуірде бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен автомобиль жолдары саласындағы тексерулердің нәтижелеріне арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Берік Асылов орасан зор бюджет қаражатының бөлінетініне қарамастан, автожолдардың сапасы азаматтардың наразылығын тудыратынын айтты.
Сондықтан Президенттің тапсырмасы бойынша прокурорлар автожолдардың жай-күйін кешенді түрде тексерген.
"Тексеру нәтижелері көптеген бұзушылықтарды анықтады, соның ішінде тапсырыс берушілердің орындалмаған жұмысқа ақы төлеуі, сметалық құнды асыру, жобалардан ауытқу, құрылыс нормаларын сақтамау деректері және тағы басқа. Бүгінгі таңда тексеру материалдары бойынша қылмыстық істер қозғалды, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, залалды өтеу шаралары қабылданып жатыр. Мысалы, құқық қорғау органдары "Қалбатау-Майқапшағай" және "Қарағанды-Балқаш" автожолдарын салу кезінде жұмыстарды орындамау және қаражат жымқыру фактілерін тексеріп жатыр", - делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметінше, ұзындығы 800 шақырымнан асатын бұл жол учаскелерін шетелдік қатысуы бар консорциумдар сыртқы қарыз қаражаты есебінен салып жатыр, оның шеңберінде "ҚазГерСтрой БК" ЖШС (Қайрат Сатыбалдыұлы құрылымдарымен байланысты) жұмыстарды бірлесіп орындаушы ретінде тартылды.
"Тек "Қалбатау-Майқапшағай" жобасы бойынша "ҚазГерСтрой БК" ЖШС 21,4 миллиард теңге аванстың едәуір бөлігін автожолға байланысты емес басқа мақсаттарға, оның ішінде кредитке ақы төлеуге жұмсады. Ол үшін мердігер күдікті капиталды шығару схемаларын қолданды", - делінген хабарламада.
Қылмыстық істен тыс прокурорлардың актілері бойынша 35 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды және бюджет шығынына жол берілмеді, тәртіптік және әкімшілік жазаға 600-ден астам адам тартылды.
Мысалы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында прокурорлар жергілікті биліктің аудандық және облыстық маңызы бар жақсартуды қажет етпейтін жол учаскелерін жөндеу туралы шешіміне тоқтау салып, бюджеттен шамамен 1 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуын болдырмады.
Анықталған жүйелі бұзушылықтар бойынша Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.
Бас Прокурор жағдай тек жазалау шараларымен өзгермейтінін, бүкіл саланы түбегейлі қайта құру қажет екенін атап өтті.
Осыған байланысты жоғары қадағалау органы Үкіметпен бірлесіп жол-көлік инфрақұрылымын реформалаудың бірқатар келесі бастамаларын көтерді.
Бірінші. Жол жобаларын қаржыландыру тапшылығы проблемасын шешу үшін нысаналы қор құру ұсынылды, оған көлік салықтары, жанармайға акциздер, ақылы жолдардан алынатын алымдар, айыппұлдар, автожол саласындағы өтелген залал сомалары және басқа да түсімдер шоғырланатын болады.
Екінші. Құрылыс материалдарының (оның ішінде битумның) тапшылығын еңсеру және жолды пайдалану мерзімін ұзарту мақсатында жергілікті және көше жолдары үшін асфальтты сақтай отырып, республикалық желі үшін бетон жабыны бар автожолдарға көшу ұсынылды.
Үшінші. Мемлекеттік сараптамамен толық қамту және жол-құрылыс жұмыстарына тәуелсіз қоғамдық мониторинг енгізу арқылы көлік жолдарының сапасын бақылауды күшейту.
Төртінші. Жол құрылысын техникалық қадағалаудың қазіргі моделінің тиімсіздігін ескере отырып, пилоттық жоба ретінде оны Жол активтерінің сапа орталығына беру ұсынылады.
Бесінші. Автожол саласы ғылымын қаржыландыруды ұлғайту, бұл жол салудың озық технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!