Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қайрат Сатыбалдыұлы кінәсін толық мойындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысында прокурор айыптау актісін жариялады. Сатыбалдыұлына ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті заңдастыру) бойынша айып тағылды.
"Құрметті сот, толық мойындаймын", - деп жауап берді Қайрат Сатыбалдыұлы.
Сондай-ақ, ол айыптау актісінде көрсетілген сомалармен келісті.
Еске салайық, бұған дейін сотқа Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты іс түскені хабарланды.
Ал 2023 жылы желтоқсанда Қайрат Сатыбалдыұлы 55 миллиард теңгеден аса ақшаны мемлекетке қайтарған болатын. Антикор Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеу шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті қайтарып жатқанын хабарлаған болатын.
Кейін Сатыбалдыұлы мемлекетке 44,6 миллиард теңге қайтарды. Қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу бойынша республикалық бюджетке жіберілді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!