Қайрат Сатыбалдыұлы 55 миллиард теңгеден аса ақшаны мемлекетке қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті қайтарып жатыр.
"Желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралар нәтижесінде Қ.Сатыбалдыұлының жалпы сомасы 120 миллион АҚШ доллары, яғни 55,4 миллиард теңгеден асатын қаражаты қайтарылды. Көрсетілген қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке жіберілді", - делінген ведомство хабарламасында.
Осылайша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 миллиард теңгеден аса сомаға активтер мен қаражатты қайтарды. Олардың қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен ақша қаражаттары, соның ішінде шетелден алынған қаражаттар кіреді.
Еске салайық, кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының ісі Астана қаласы Байқоңыр аудандық №2 сотында қаралған еді. Ол кінәлі деп танылып, 6 жылға сотталған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!