- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қайрат Сатыбалдының шексіз...
Қайрат Сатыбалдының шексіз байлыққа қалай ие болғаны айтылды
Астанада өткен сот отырысында прокурор Елдар Нұрмаханов кәсіпкер Қайрат Сатыбалды қомақты қаражатқа қалай ие болғанын, шетелден қымбат үйлерді қалай сатып алғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысында Елдар Нұрмаханов Қайрат Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша айыпталатынын жеткізді. Қайрат Сатыбалды өз кінәсін толық мойындады.
Прокурор Қайрат Сатыбалды 28 млрд 687 млн 940 мың теңгеге "Көліктік сервис орталығы" АҚ активтерін ысырап етуді және 8 млрд 942 млн 105 мың теңгеге "Қазақтелеком" АҚ-ға материалдық залал келтіруді ұйымдастырғанын атап өтті. Ол осы қылмыстарды жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайды оның заңсыз әрекеті мұнымен тоқтамаған.
"Қайрат Сатыбалды жоғарыда аталған қаржы қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен кіріске қарамастан пайда табу және шынайы мақсатын жасыру үшін "ТехАльянс" ЖШС-ны іске тартқан", - деді Елдар Нұрмаханов сот отырысында.
Аталған компания шет елдерден халық тұтынатын тауарларды сатып алу және оларды Қазақстанда сатумен айналысқан. ЖШС иесі – Мақашев болған.
"Ол экономикалық оператордың куәлігін алу және бизнестен түсетін пайданы ұлғайту үшін маңызды адаммен байланыс орнату керектігін түсінген. Осылайша, 2017 жылы Мақашов ықпалды кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлына өзінің сенімді адамы Эфенди Ткемалиге жүгінген. Олар компания табысын өзара бөлісуге келісіп, ЖШС-ға қамқорлық көрсетуге келіскен. Содан кейін Қайрат Сатыбалды шексіз мүмкіндік пен беделге ие бола отырып, "ТехАльянс" ЖШС-ны қылмыстық табысын заңдастыру және пайда табу үшін пайдаланған", - деді прокурор.
Ол сөзіне нақты дәлелдер келтірді.
"Мысалы, Қаржы министрлігі МКК бұйрығымен "ТехАльянс" ЖШС-ға бірінші үлгідегі куәлік беріліп, уәкілетті экономикалық оператордың тізіліміне енгізілді. Бұл мәртебе компанияның сыртқы экономикалық қызметін, кедендік рәсімдерді және алдын-ала электронды декларациялауды жеңілдетеді", - деді Елдар Нұрмаханов.
Қайрат Сатыбалдыұлының нұсқауы бойынша "Көліктік сервис орталығы" АҚ-дан ұрланған қаражат және "Қазақтелеком" АҚ-ға келтірілген залалдың қаржысы заңды табысқа айналдыру үшін "ТехАльянс" ЖШС-ның жалпы айналымындағы қаражатқа салынған. Осылайша, 2018-2021 жылдар аралығында жеке тұлғаларға 636 млрд теңге, заңды тұлғаларға 49 млрд теңгенің тауары сатылып, кедендік тазартудан өткен.
"Қайрат Сатыбалды басқа адамдармен және Эфендимен келісіп, "Техальянс" ЖШС-ны пайдаланып, қаражатты жылыстатуды ұйымдастыру үшін төмендегі қылмыстық схеманы іске асырған: Бақылаудағы компанияның банк шоттарына қылмыстық ақшаны аудару және оны айналымдағы қаражатпен одан әрі араластыру, тауарларды шетелде ұйымдастыру және сатып алу, тауарларды сату, компания қызметінен ай сайын қолма-қол ақша түрінде пайда алу, Қайрат Сатыбалдының банк шоттарын толықтыру, қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу үшін ақшаны пайдалану, ақшаны шоттарда орналастыру және тағы басқа. Сонымен қатар кедендік баждар мен салықтарды төлеуден жалтарған кезде өндірілген 44 млрд 816 млн 612 мың теңге кәсіпорын айналымында қалған және жоғарыда аталған ұрланған ақшамен бірге ("Көліктік сервис орталығы" АҚ, "Қазақтелеком" АҚ) кәсіпкерлік қызмет үшін яғни Қытай, Түркия, БАӘ-ден және тағы басқа елдерден халық тұтынатын тауарларды сатып алу үшін жұмсалған", - деді прокурор.
2018-2022 жылдар аралығында "Көліктік сервис орталығы" АҚ-дан ұрланған 15 млрд 389 млн теңге аффилирленген компаниялардан көптеген қаржы операциясы арқылы шығарылған.
"Қайрат Сатыбалды "ТехАльянс" ЖШС-ға қамқорлық жасағанын және қылмыстық жолмен тартылған қаражаттан соң, компанияның тауар айланымы 922 млрд 720 млн 997 мың теңгеге өскен. 2018-2022 жылдар аралығында ақшаны жылыстату нәтижесінде Қайрат Сатыбалдыұлы қылмыстық жолмен пайда тапқан, оны одан әрі құрылыс объектілерін, жылжымайтын мүлікті, оның ішінде шетелден (жылжымайтын мүлік) сатып алу, банктердегі шоттарда орналастыру, бағалы қағаздарды сатып алу және тағы басқа мақсатқа пайдаланған. Эфенди ай сайын "ТехАльянс" ЖШС пайдасының бір бөлігін қолма-қол ақша түрінде алған және мүлікті заңдастыру үшін қаржыны банк шоттарына салған: барлығы 53 млн теңге және 150 млн доллар. Қайрат Сатыбалдыұлы өзінің банк шоттарына небәрі 546 млн теңге және 61 млн доллардан аса қаражат аударған", - деді Елдар Нұрмаханов.
Осылайша, Қайрат Сатыбалды шексіз байлыққа ие болып, қомақты қаражатты шетелден қымбат мүлік алуға жұмсай бастаған.
"2018 жылдан 2022 жылға дейін ұрланған ақшаны ЖШС айналымымен араластырғаннан кейін алынған қаражат 172 млрд 62 млн теңге болды. Бұл қаржы Қайрат Сатыбалдыұлының банк шоттарына аударылған. 22,9 миллион долларды Қайрат Сатыбалдыұлы Дубайдан вилла сатып алу үшін жұмсаған. Сондай-ақ ол 40 млн долларға Мәскеуде орналасқан "Снегири" тұрғын үй кешенінен көлік тұрағымен бірге бірнеше пәтер сатып алған", - деді прокурор.
Сонымен қатар Қайрат Сатыбалды еншілес компаниялардың кепіл мүлкін, бағалы қағаздарды және мүлікті сатып алу арқылы айналанымға қылмыстық жолмен түскен қаржыны салған.
"2021 жылы қаражатты жылыстату үшін Қайрат Сатыбалды "Байдала Л" ЖШС құрылтайшысымен 6 млрд 454 млн теңгеге пайызсыз қарыз алу келісімшартын жасасқан. Қосымша келісімді ескерсек, қаражаттың сомасы 14 млрд теңгеден асады. Келісімшарт бойынша алынған нақты сома – 13,33 млрд теңге. Бұл қаржыға мүлік сатып алынды, мәмілелер жасалды, кәсіпкерлік қызмет және тағы басқа", - деді ол.
Елдар Нұрмахановтың айтуынша, Қазақстандағы нысандардың жалпы сомасы – 34 млрд 863 млн теңге, Ресейде – 4 млрд 202 млн теңге, БАӘ-де – 20 млрд 413 млн теңге, Францияда – 4 млрд 150 млн теңге, Түркияда – 4 млрд 25 млн теңге, барлығы – 67 млрд 655 млн теңге.
"Осы деректерге сүйенсек, Қайрат Сатыбалды Эфенди және басқа адамдармен сөз байласып, 2018 жылдан 2022 жылға дейін "Көліктік сервис орталығы" АҚ активтерін ұрлау, кедендік және өзге де төлемдерден жалтару, "Қазақтелеком" АҚ-ға мүліктік залал келтіре отырып, қылмыстық жолмен түскен 82 млрд 446 млн теңгені бақылауындағы "ТехАльянс" ЖШС компанияның заңды айланымына енгізген. Салдарынан кәсіпкерлік қызметті пайдалану, заңсыз табыс алу, оны қолма-қол ақшаға айналдыру және жылжымайтын мүлік объектілерін, оның ішінде шетелде сатып алу, ақшаны Қазақстандағы және басқа мемлекеттердегі банк шоттарына орналастыру, активтерді жақын адамдар мен туыстарына тіркеген. Осының негізінде Қайрат Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша қылмыс жасады", - деді прокурор.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан